20 мау, 2019 сағат 10:28

Министр апатқа ұшыраған АН-2 ұшағына қатысты түсінік берді

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Ақмола облысында апатқа ұшыраған АН-2 ұшағына қатысты толық мәлімет тексеруден кейін берілетінін атты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мен бұл туралы жаңа ғана (ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отрысынан кейін) естідім, оқиға орнына қызметкерлер аттанды. Кейіннен бұл жағдай бойынша толық ақпарат таратылады. Бірлескен отырыста болдым, сондықтан оқиғаның мән-жайын толық білмеймін. Атап айтқанда, тексеру жұмыстарымен біздің арнайы басқарма айналысып жатыр және олар тиісті ақпаратты таратады», - деді министр тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Сонымен қатар Р. Скляр аталған санаттағы ұшақтар саны елімізде аз емес екенін жеткізді.

«Бұл ұшақтардың көбіне жаңа емес, олардың апатқа ұшырауының түрлі себептері болып жатады. Сондықтан бүгінгі оқиға бойынша тексеру жүргізу керек», - деді ведомство басшысы.

Еске сала кетейік, 20 маусымда сағат шамамен 10-00-де Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Родина ауылынан 10 шақырым жерде егістік алқабын химиялық өңдеп  жүрген АН-2 ұшағы апатқа ұшырады.

Апат салдарынан ұшқыш қаза тауып, 2 экипаж мүшесі жарақат пен күйік шалып, ауруханаға жеткізілді. Ұшақтың құлау себебі анықталып жатыр.