06 нау, 2017 сағат 20:43

Сағадиев зиялы қауым өкілдерімен кездесуге дайын

Бір сағат бұрын қоғам белсендісі Сырым Әбдірахманов пен Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің кездесуі аяқталды. Әбдірахмановтың айтуынша, министр жақын уақытта зиялы қауым өкілдерімен де кездесуге дайын.

— Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтен жаңа ғана шықтым. Жасыратыны жоқ, Ерекеңді 10-15 жылдай білемін. Бірер шараларда жүздесіп, білім жүйесінің дамуы бойынша біраз сұxбаттасқанбыз. Оның үстінде 5 жылдан астам шетелде оқып келген тәжірибесі бар. Жалпы піскен азамат.

Қоғамда мектептерде Әліппені, жоғары оқу орындарында Қазақ тілі мен Қазақ әдебиеті кафедраларын қысқартты, классификатор мамандықтарынан алынып тасталды деген ақпараттты естісімен дүр сілкініп, Министрді өз көзіммен көріп, сөзін өз құлағыммен естейін деп кездесуге мұрындық болдым. Астанада болғасын Дина Елгезек те қолдап, бірге кездестік. Жөнді әңгіме болды.

Бұл ақпараттың жалған екенін Министр ойындағысымен жеткізді. Адамдардың өтірік айтқанынан емес, жалпы түсіндіру жұмыстары кем болғандықтан екенін алға тартты. Сондықтан жақын арада зиялы қауыммен кездесуге дайын екенін жеткізді.

1. "Әліппе" ешқайда кетпейді! Бір мәселесі ғана – ол бірінші сыныптан емес, 1 қыркүйектен бастап нөльдік сыныптан, яғни 6 жастан оқытылып, бала бірінші сыныпқа әріп үйреніп барады. Бұл үшін арнайы комиссия құрылып, Бекболат Тілеуxаны бар азаматтар жаңа Әліппенің мәтінін мұқият қарайтын болады. Комиссияның мүшелігіне өзімді де шақырды. Мысалы, менің Дінмұxамедім биыл 6 жасқа толып, нөлдік сыныпқа бармақшы. Егер ұлым Әліппені бір жыл ерте танып жатса, өзім риза болар едім.

2. Жаңа классификатор мамандықтары бекітілді деген - бос әңгіме! Қазақстан Боллон оқу жүйесіне енгеннен кейін бұл мәселе 2009 жылдан бері көтеріліп, әлі де сарапталуда. Сондықтан "бекітілді" деген ақпарат шындыққа сай келмейді.

3. Жоғары оқу орындарында Қазақ тілі мен Қазақ әдебиеті кафедралары жабылды деген әңгіме де шындыққа жанаспайды! Министрдің айтуы бойынша керісінше дамытпақшы.

4. «Серпін» бағдарламасы жабылмайды! Оның үстіне, министрдің айтуы бойынша, биыл 500 грант тағы да қосылады! Егер, бұрын Қазақстанның Оңтүстігінен Солтүстігіне тек бакалавр мамандықтары мен колледждерге балаларды жіберген болса, биылдан бастап Қазақ тілінде сапалы білім беру үшін «Серпін»-ге магистратура мен PhD докторантураға жастар жіберілетін болады. Сондықтан, «Серпін» бағдарламасының болашағы зор.

5. Қоғам қайраткерлерінің кейіпімен белгісіз біреулердің шығарған демотиваторы бойынша: министр бұны "провокация" деп санады. Ерекең Ел азаматтарын сыйлайтынын жеткізді.

Жалпы біраз әңгімелестік, дегенмен қоғамды толғандыратын мәселерге тоқталғанды жөн көрдім. Көрдім. Естідім. Түйгенім - осы,  - дейді С.Әбдірахманов өз жазбасында.