23 қаз, 2018 сағат 11:21

Министр Өзбекстандағы елшінің қамауға алынуына қатысты түсініктеме берді

Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстанның Өзбекстандағы елшісінің бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды  тілшісі. 

"Астана ауданаралық сотынан қызметінен уақытша шеттету қажеттігі туралы ұйғарым алдық. Жарлық сотта сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы материалдары негізінде әзірленді. Бұл жағдай сыртқы істер министрлігі мен ведомствоға бағынышты мекемелердің бұрынғы қызметкерлеріне қатысты жүргізіліп жатқан тергеумен байланысты. Осыған байланысты біздің Өзбекстандағы елшінің есімі де айтылып отыр", — деді Әбдірахманов үкімет кулуарында. 

Ол үш жыл бұрын өткен кеңейтілген алқа отырысында Нұрсұлтан Назарбаев министрліктегі қаржылық-шаруашылық қызметті тәртіпке келтіруді тапсырғанын атап өтті. 

"Біз барлық бақылаушы органдармен белсенді жұмыс істеудеміз. Ұлттық бюроға істің толық әрі объективті тергелуі бойынша көмек көрсетіп жатырмыз", — деді министр. 

Әбдірахмановтың пікірінше, бұл жағдай Қазақстанның абырой-беделіне нұқсан келтірмейді. 

"Тергеудің ашық жүргізілуіне, болашақта мұндай оқиғалардың қайталанбауына өзіміз де мүдделіміз. Барлық алдын алу шарасы қабылданып жатыр. Сыртқы істер министрлігі, үкімет те сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мен мемлекеттік қызметкерлер тарапынан заңға қайшы әрекеттерге жол бермеу мәселесінде ашықтықты ұстанады", — деді ол. 

Еске сала кетсек, бұған дейін мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі аса ірі көлемде бюджет қаржысын ұрлады деп айыпталып отырғанын хабарлаған еді. 

Кеше мемлекет басшысының жарлығымен Ерік Өтембаев Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісінің лауазымдық өкілеттіктерін атқарудан уақытша шеттетілді.