04 мау, 2018 сағат 13:23

Министр менингитке шалдыққан жағдайда өздігінен ем қолданбауға шақырды

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ел тұрғындарын менингит кезінде өзін-өзі емдеумен айналыспауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Адамдардың өлімімен аяқталған оқиғалардың көпшілігінде науқастар мамандардың көмегіне тым кеш жүгінген. Біз менингит белгілері пайда болған кезде дереу медициналық қызметкерлерге хабарласу керектігін қайталап келеміз. Денсаулық сақтауға, вакциналауға түрлі көзқарастар болуы мүмкін, алайда осы жағдайда кері салдарға жол бермес үшін бас мамандардың ұсынысын орындауды өтінемін. Инфекция жыл бойы болады. Бұның барлығы біз үшін стандартты жағдай, сәйкесінше біз дәрігерлердің стандартты нұсқауларын орындауды талап етеміз. Осы орайда өзін-өзі емдеумен немесе тексерілмеген ем-дом түрлерімен айналысқан дұрыс емес», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жыл басынан бері Қазақстанда менингит инфекциясын жұқтырған 58 науқас тіркелді. Олардың 18-і 14 жасқа дейінгі балалар. Биылдан бастап аталған дерттен 12 адам көз жұмды.