06 нау, 2018 сағат 12:42

"Министр бастамасы дәстүрімізді дәріптеуге жетелейді..."

Наурыз мерекесін жаңа ұлттық үлгіде ауқымды етіп өткізу жөнінде ҚР Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Егемен Қазақстан газетіне сұхбат берген болатын. Осыған орай біз де еліміздің бір топ қоғам қайраткелерінің пікірлерін білуге тырыстық.


Талғат Күзембаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының опера солисі:

- Наурыз - қазақстандықтар үшін өте маңызды әрі үлкен мереке – ынтықмақтастық және табиғаттың жаңаруының жарқын мейрамы. Ғасырлар қойнауынан бастау алған ежелгi салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздың сақталуы үшiн ат салысып, елім, жерім дейтін өзіңіздей ұлтжанды азаматтың Наурыз мейрамын тойлау туралы ұсыныстары жүзеге асатынына кәміл сенемін.

Мақсұт Жүніс, Қазақстан білім беру ісінің үздігі, әнші, мәдениет қайраткері:

- Ұлыстың ұлы күні атанған Наурыз жыл басы мерекесі ретінде аталып келеді. Қазақ халқы да Наурыз мерекесін айрықша бағалап, оны жыл сайын тойлап отыруды салт-дәстүрге айналдырған. Наурыз бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде аталып өтеді. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан белгілері мен таным ұғымдары адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелілікке, бауырмалдыққа, көргенділікке, білімділікке баулиды.

Наурыз мерекесі дәстүрлерін бүгінгі күнге дейін жеткізіп, оны өскелең ұрпаққа таныту әр қазақтың міндеті деп білеміз. Мақалада айтылған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Наурыз мейрамын жаңа үлгіде жалпыұлттық ауқымда өткізу жөніндегі ойы аталған мерекенің дәрежесін ғана көтеріп қоймай, рухымызды жаңғыртып, дәстүріміздің дәріптеуге жетелейді.

Наурызды балалар өмірінде ерекше орын алатын отбасылық мейрам дәрежесіне жеткізіп, дәстүрге айналдыру өте орынды айтылған. Шынымен де бұл мерекеде балаларға Жаңа жылдағыдай ерекше көңіл бөлініп, ұлттық киімдерді, қазақ ертегілеріндегі кейіпкерлердің киімдерін киіп, балаларға сыйлықтар, тосынсыйлар жасап, отбасы мүшелерімен түн ортасы ауғанда жаңа күнді қарсы алсақ мерекенің сән-салтанаты арта түсер еді. Мерекеде отбасының, ұжымдардың ұйымдастыруымен тал егу, қайырымдылық жасау күндері өткізілсе, оқу орындарында Қыдыр бабаның қатысуымен іс-шаралар, ұлттық спорттық ойындардан жарыстар және тағы басқа Наурыз дәстүрлерін насихаттайтын шаралар ұйымдастырылса әр азаматтың қазақ ұлтына, дәстүріне деген сүйіспеншілігін арттырудың үлгісі болар еді.

Мәшһүр Жүсіп: «Қазақтың қазақ болғанда, өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – наурызнама», — деген екен. Мерекемізді ұлықтайық, ағайын!