07 там, 2018 сағат 17:38

Министр Денис Тенді өлтірді деген күдіктілердің қалай ұсталғанын айтты

ҚР ІІМ басшысы Қалмұхамбет Қасымов Денис Тен өлімін қатысы бар деген күдіктілердің қалай ұсталғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматыдағы жағдайды қалыпқа келтіру үшін барынша жағдай жасалып жатыр. Полиция оқиға орнына дер кезінде шыққан. Мен бұл жерде қылмысты қалай ашқанымыз  туралы айтып отырмын.  Қылмыс сағат 14:56-да болса, сол күні кешкі сағат 23:30-те біз күдіктілердің біреуін ұстадық»,- деді министр Алматыда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы ішкі істер министрлігі әріптестігінің төртінші отырысы бойынша өткен брифингте.

Оның айтуынша, бірінші ұсталған күдікті арқылы оның сыбайласы да ұсталған.

«Үшінші күдіктіні ұстаған кезде қиындық туды. Қылмыс болған күні түнде ол үйінде болған. Одан кейін мекенжайын ауыстырып жібереді. Ақсай ауданында ұлттық гвардияның қатысуымен  операция ұйымдастыруға тура келді. Ол келесі мекенжайға ауысар кезде ұсталды», - деді министр.

Еске сала кетсек, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні Алматыда автокөлік ұрыларының қолынан қаза тапты. Оқиға түскі үштер шамасында болған. Спортшы тұрақта тұрған көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түседі. Арада жанжал басталып, салдарынан Денис Тен пышақ жарақатын алады.

Үш литр қан жоғалтқан спортшы кешкі бес жарымда ауруханада көз жұмды. 

Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Спортшының өліміне қатысы бар деген күдікпен үш азамат ұсталды. Олар Жамбыл облысының тумасы 24 жастағы Нұралы Қиясов, Қызылорда облысының 1994 жылғы тумасы Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева. Әйел қылмыс жасалғанын хабарламағаны үшін ұсталды.