28 қар, 2018 сағат 10:17

Министр Азаматтық альянстың мәртебесін көтеруді ұсынды

Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев Қазақстанның Азаматтық альянсының мәртебесін көтеру туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде «Атамекен» ҰКП-ға ұқсас жолмен Қазақстанның Азаматтық альянсының мәртебесін көтеру міндеті тұр. Сонда ол ұйым жұмыс істеп тұрған Үкіметтік емес ұйымдардың біршама бөлігін өзіне қарата алар еді. Азаматтық альянстың өзіндік гранттық бағдарламасы болуы тиіс. Сонымен бірге, ҮЕҰ академиясын құру көзделіп отыр. Тек жоғарыда аталған идеяларды тәжірибеге енгізген жағдайда ғана үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қызметтердің бір бөлігін табыстау мүмкіндігі туады», - деді Дархан Кәлетаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан VIII Азаматтық форумда.

Сонымен қатар, Қоғамдық даму министрі Мемлекет басшысының күні кеше жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көтерілген мәселелер халықтың, соның ішінде азаматтық қоғам өкілдерінің тарапынан зор қолдау тауып отырғанын атап өтті.

«Ұлы даланың жеті қыры» - халқымыздың рухын көтеріп, ұлттық сана-сезімін жаңғыртудың ұлы бастамасы болып отыр. Елбасы айтқандай, «өткенді мақтан тұтып, бүгінді бағалау, жарқын болашаққа ұмтылу - еліміздің табысты болуының кепілі». Осы маңызды іс-шаралардың басында белсенді қоғам өкілдері тұруы қажет деп санаймын. Бүгінгі форумның негізгі мақсаты осы», - деді Дархан Кәлетаев.

Айта кетсек, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен VIII Азаматтық форум өтіп жатыр