12 жел, 2019 сағат 09:23

Министр атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге қатысты өзгеріс туралы айтты

Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының отағасы ұсынылған жұмысты істеп жүріп, кейін әлеуметтік шартты бұзып, шығып қалса, әлеуметтік көмектен бүкіл отбасы қағылады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Еңбек министрі атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерін түсіндірді. Қолданыстағы заң бойынша, егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартса, онда тек соған тиесілі атаулы әлеуметтік көмек тоқтатылатын. Ал отбасының қалған мүшелері ала береді.

"Сөйтіп, оның бәрі масылдық деген сөзді өзім жақсы көрмеймін, бірақ азаматтардың жауапкершілігін төмендетті", - деді министр сенаттың жалпы отырысында.

Енді министрлік азаматтардың жауапкершілігін көтеру үшін атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге қатысты өзгерістер енгізіп отыр. Оған сәйкес, табысы төмен отбасы атаулы әлеуметтік көмекке өтініш беріп, көмек тағайындалғаннан кейін, еңбекке жарамды мүшесіне жұмыс ұсынылады.

"Егер де жұмыстан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек бүкіл отбасыға тоқтатылады. Егер келісіп, бірақ, жұмыс істеп жүріп, кейін әлеуметтік шартты бұзып, шығып қалса,онда жанұясы әлеуметтік көмектен қағылады", - деді Нұрымбетов.

Бүгін сенатта кейбір заңнамалық актілерге міндетті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандыру және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестк мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралды.