20 қыр, 2017 сағат 13:40

Миллиардер Джек Ма Головкиннің жанкүйері болып шықты

Alibaba интернет-корпорациясының негізін қалаушы қытайлық миллиардер Джек Ма Головкин - Альварес жекпе-жегі үшін арнайы  Лас-Вегас қаласына барып, Головкинге қолдау көрсеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жекпе-жектен алған әсерін Джек Ма өзінің Weibo әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

«Алдыңғы күні Лас-Вегаста Головкин - Альварес арасындағы «ғасыр жекпе-жегін» тамашаладым. Бұл менің өмірімде боксты алғаш рет жақын аралықта тамашалауым. Боксшылардың бір-біріне тигізген жұдырығының дауысы, аққан терін жақыннан сезіну басқаша сезім екен. Қазақстандық 36 жасар чемпион GGG-ның жалындаған жас жігітпен ашық айқасы, мені қатты шабыттандырды» -, деп жазды Джек Ма.

Сондай-ақ,  Джек Ма адамдарға Головкин сияқты тек алға қарай ұмтылу керек екенін жеткізді.  

Еске сала кетейік, бокс жанкүйерлері 2 жыл сарыла күткен Головкинмен Альварес арасындағы «ғасыр жекпе-жегі» 17 қыркүйек АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы «T-Mobile» аренасында өткен еді. 12 раундқа созылған айқаста боксшылар үш төрешінің 118-110, 115-113, 114-114 есебімен тең түсті.