12 мау, 2018 сағат 13:53

Мешіттегі азанның дыбысы 70 децибелден аспауы тиіс - Дін істері министрлігі

Мешіттегі азанның дыбысы 70 децибелден аспауы тиіс, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне сілтеме жасап.

Соңғы уақытта Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне мешіттердегі азанның дыбыс деңгейін реттеуге қатысты көптеген өтініштер келіп түскен.

«Осы тұрғыда Дін істері комитеті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен және облыстардың, Астана мен Алматы қалалары Дін істері жөніндегі басқармалармен бірлесіп, мешіттердегі азанның дыбыс деңгейін тұрғын үй және басқа үй-жайларды, қоғамдық ғимараттарды ұстауға және пайдалануға арналған санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестендіру мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде», делінген хабарламада.

Аталған талаптарға сәйкес, пәтерлердің бөлмелеріне шудың ену нормалары сағат таңғы 7.00 ден түнгі 23.00-ге дейін 55-тен 70 дБА (децибел), ал, сағат 23.00 ден 7.00-ге дейін 45-тен 60 дБА (децибел) болуы қажет.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ұсынымдарын және азанның дыбыс ырғағын асырмауға қатысты санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды ұстанады.

«Жоғарыда айтылғандарға байланысты мешіттердің басшылығын санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың нормаларын сақтауға және тұрғындарды егер олардың әрекеті қолданыстағы заңнамаға қайшы келмесе, діни рәсімдерге түсіністікпен қарауға шақырамыз», - делінген хабарламада.