01 мам, 2019 сағат 20:24

Мереке күні 417 елордалық отбасы баспаналы болды

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов баспана кезегінде тұрған елордалықтарға пәтер кілтін табыстады. Олардың қатарында 24 көпбалалы отбасы бар, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Қазақстан халқының бірлігі күні елордада «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру шеңберінде «Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы несиелік тұрғын үй салу», «Сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үй» бағыттары аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің тапсырысымен А 98 к-сі және Е 496 к-сі мекенжайлары бойынша жаңа көпқабатты тұрғын үй кешендері (МТЖ) салынды. 

Е 496 көшесіндегі тұрғын үй кешені 364 пәтерді қамтиды, олардың 182-сі кезекте тұрғандар арасында бөлінген, олардың ішінде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының өкілдері, соның ішінде көпбалалы аналар, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар. Таза әрленген тұрғын үйдің 1 шаршы метрі нарықтық бағадан әлдеқайда төмен және 180 мың теңгені құрайды. Мердігер -«Эдем» ЖШС.

А 98 көшесіндегі тұрғын үй кешенінде барлығы 53 пәтер берілді. Оның ішінде көпбалалы аналарға 10 пәтер бөлінді.  Бұл жалдамалы тұрғын үй Нұр-Сұлтан әкімдігінің кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік-осал топтарына сатып алу құқығынсыз беріледі. Бас мердігер - «КазСтройПодряд» ЖШС. «Бүгін - кезекте тұрған елордалықтар үшін үлкен қуаныш.

«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру арқасында 417 отбасы баспаналы болды. Баршаңызды көптен күткен және айтулы оқиғамен құттықтаймын. Сіздердің үйлеріңізде әрқашан бейбітшілік, келісім және амандық үстемдік етсін!», - деді Б.Сұлтанов.

Салтанатты рәсімнен кейін Бақыт Сұлтанов жаңа ТК ауласына ағаш отырғызды.

Қазіргі уақытта Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында құрылыс қарқыны мен қосымша тетіктер есебінен тұрғын үй саласындағы жағдай айтарлықтай жақсаруда.

Биыл Нұр-Сұлтан қаласында жалпы ауданы 141,8 мың шаршы метр 1,9 мың пәтерден астам жеті МЖК пайдалануға беру жоспарланған. Бұл ретте демографиялық процестер мен көші-қон ағындарын ескере отырып, тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың саны ұлғаюда.

Бүгінгі таңда елордада 45 748 адам баспана кезегінде тұр.