04 қаз, 2018 сағат 17:44

Менингококк жұқтырған ШҚО тұрғыны ауыр жағдайда Астана ауруханасына түсті

Астанаға келген ШҚО тұрғынынан менингококк жұқпасы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Науқас 1 қазан күні Астанаға келген және Астана жұқпалы аурулар ауруханасының жансақтау бөліміне түскен.

«1985 жылы туған шығысқазақстандық 1 қазан күні Астана қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына жедел жәрдем көлігімен жеткізілді. Зертханалық тексерулер арқылы менингококк диагнозы расталды. Жұқпа туралы шұғыл хабар келіп түскеннен бастап, департамент мамандары инфекцияға қарсы жұмыстарды бастады. Астана бойынша науқаспен қатынаста болған 6 адам анықталды, оның екеуі бала. 2 қазан күні барлығы бактерологиялық тексеруден өтті және олардың ешқайсысынан ауру табылмады», - деп түсіндірді Мемлекеттік-санитарлық эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Астана қалалық департаментінің Эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Ақмарал Мейірманова.

Эпидемологиялық анамнез жинау барысында науқастың 13 және 30 қыркүйек күндері Қарағанды облысының Жезқазған қаласында болғаны анықталған. 2 қазан күні Қарағанды облысына хабар беріліп, жұқпаға қарсы шаралар жүргізілген.

«Науқас есін жиды. Қазіргі уақытта жағдайы орташа ауыр. Ол патогенетикалық, симптоматикалық және антибактериялық ем қабылдап жатыр. Бұл күз мезгілінде Астанада тіркелген бірінші оқиға, онда да ауруды Астана қаласында жұқтырмағанын атап өткен жөн», - деді А. Мейірманова.

Маманның айтуынша, жыл басынан бері Астанада менингококк жұқпасына қатысты 7 жағдай тіркелген және өлім-жітім болмаған.

«Астанадағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда көрсеткіштер азайған. Инфекцияны жұқтырмау үшін таза ауада көбірек жүріп, бөлмелерді желдету керек және ауру жұқтыру қаупі бар орындарға бармаған жөн», - деп кеңес берді А. Мейірманова.