31 мам, 2017 сағат 17:48

Мен мұндайды Еуропада да көрген жоқпын - Назарбаев "Нұрлы жол" вокзалы жайында

EXPO-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы "Нұрлы жол" жаңа теміржол вокзалында болып қайтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" kaz.tengrinews.kz порталына сілтеме жасап. 

"Жуырда EXPO ашылады, осыған байланысты Астананың жаңа мақтанышы болатын жаңа нысандарды аралап жүрмін. Бұл бұрынғы кеңес елдері арасындағы осындай жалғыз вокзал, мен тіпті Еуропада мұндайды көрген жоқпын. Ол болашаққа арналып салынған. Қазақстанның барлық өңірін "Тальго" жүрдек пойызымен байланыстырдық, олар сағатына 150-200 шақырым жылдамдықпен жүре алады. Бұрын Алматыдан 24 сағатта жететін болсақ, қазір 11 сағатта", - деді Назарбаев. 


"Нұрлы жол" жаңа вокзал кешенінің жалпы аумағы 126 мың шаршы метр, алты деңгейлі ғимарат. Өткізу мүмкіндігі - тәулігіне 35 мың жолаушы.

Бірінші және екінші қабат жер астында, онда 740 орындық көлік тұрағы (вокзал айналасында тағы 750 орындық тұрақ бар) және қызметтік-техникалық бөлімдер орналасқан. Үшінші қабаттағы перронның төбесі жабық, ауа райының кез келген құбылуынан қорғайды. Перронға билеті жоқ адамдар өткізілмейтінін айта кетейік. 

Төртінші қабатта күту залы, сауда дүңгіршектері мен кассалар орналасқан. Бесінші қабатта тамақтану орындары мен қонақүйлер бар. Алтыншы қабат қызметтік пайдалануға берілген. 

"Вокзал қауіпсіздігіне көп көңіл бөлінген, 510 бақылау камерасы, 16 тексеру орны "Әскерилендірілген теміржол күзеті" мен полицелер үнемі сақ жүреді", - дейді ҚТЖ өкілі Жұбан Көрпебаев.

Айта кетейік, жаңа вокзалда пойыз 1 маусымда жолға қойлады.