29 қыр, 2018 сағат 13:44

Мемлекеттік хатшының Қызылордаға сапары

Мемлекеттік хатшының Қызылордаға сапары Назарбаев зияткерлік мектебінде жалғасты. Онда алдымен облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова саланың даму барысы туралы баяндады.

Бүгінде аймақта 655 балабақша тіркелген болса, соның 396-сы немесе 71%-і мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында жұмыс істеп тұр. 2015 жылы 3 және 6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамти отырып, Қызылорда облысы «Балапан» бағдарламасын мерзімінен бұрын орындады. Биыл тұңғыш рет сәбиді үйден шықпай-ақ балабақша кезегіне қоюға, кезектің жылжуын қадағалауға, қызмет ақысын электронды жүйе арқылы төлеуге мүмкіндік беретін «Электронды балабақша» жүйесі іске қосылды.

– Жалағаш ауданының Шәменов ауылындағы биыл апатты деп танылған мектептен басқа облыста апатты жағдайдағы мектептер жоқ. Үш ауысымды білім беру мәселесі оң шешімін тапты. Білім саласын цифрландыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр, – деді Майра Мелдебекова.

Робототехника, компьютерлерді бағдарламалау сынды күрделі істерді еркін меңгерген балалардың бір шоғыры Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алуда. Өйткені, олар цифрландыру заманында мұның қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Білім ошағындағы нанотехнология, биотехнология кабинеттері олардың өздерін қызықтырған ғылым салаларымен айналысуы үшін ыңғайлы етіп жабдықталған.

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған қонақтарға оқушылар қызықты тәжірибелерін, зертхана мүмкіншіліктерін көрсетті. Нанотехнология кабинетінде, мысалы, балалар өрт сөндіру, криминалистика, медицина салаларында қолданылатын жаңалықтарды ойлап тапса, биотехнология кабинетінде ДНК тізбегін анықтау, түрлі жасанды жолмен ұлпа өсіру жолдарын, микробиологиялық синтездерді зерттеген.

Одан бөлек, дарынды оқушылар қолөнер бұйымдарының көрмесін назарға ұсынды. Ал қаладағы маңдайалды білім орындарында оқитын ізденімпаз өрендер – IT, робототехника, химия, биология, тарих пәндері бо­йынша халықаралық, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары өз­дері­нің жетістіктерін таныстырды. Аймақты көгалдандыру, туризмді дамыту, цифрлық технология саласын өркендетуге қатысты идеяларымен бөлісті.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Бақыт Жұматайдың айтуын­ша, қазір мұнда 700-ге жуық бала бар. Оларға отандастарымыздан бөлек, канадалық, филиппиндік, угандалық, кениялық мамандар дәріс береді. Күні бүгінге дейін мектептен халықаралық, республикалық пән­дік олимпиадалардың 70-тен астам жүлдегері, робототехника байқауларының 20 шақты жеңімпазы түлеп ұшты.

Былтыр ұжым халықаралық мектептер кеңесінің аккредитациясынан сәтті өтіп, білім сапасын дәлелдеді. Биыл Ұлыбритания ұлттық орталығы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің NIS-Programme білім бағдарламасын General Certificate of Education A-Level деңгейіне сәйкестігін растады.

– Бұл түлектеріміздің еліміздегі 10 беделді жоғары оқу орнының 2-курсына бірден, ал Германиядағы университеттерге университеталды дайындық курсына қатыспастан оқуға қабылдануына мүмкіндік береді. Және бір жетістігіміз, биыл 132 түлек түгел жоғары оқу орындарына түсіп, 8 мемлекеттің білім гранттарын иеленді, – деді мектеп басшысы.

***

Жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Достық үйінде» болып, жұмысымен танысты.

Айта кету керек, 2015 жылы татулықтың темірқазығына айналған, Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай  ашылған нысан бұрынғы Ы.Алтынсарин атындағы кинотеатр ғимаратында орналасты. Ғимаратта 230 орынға арналған концерт залы, мәжіліс залы бар. Сондай-ақ, өңірдегі 11 этно-мәдени орталық, Ассамблеяның ардагерлер мен аналар кеңесі осында қоныстанған. Бұл орталықтар өз елдерінің мәдениеті мен дәстүрін жаңғыртып, елдің саяси өміріне де белсене араласады.

Гүлшара Әбдіқалықова мұндағы мұрайжаймен танысты және Астана қаласының – 20, Қызылорда қаласының 200 жылдығына арнайы ұйымдастырылған фотокөрмені тамашалады. Сонымен қатар концерт, мәжіліс залдарын, кітапхананы көрді.

Дәл сол күні «Достық үйінде» ашық есік күні өтіп жатты. ҚР Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі Ләйла Төрешованың айтуынша, шара Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай ұйымдастырылған.

Шараға мектеп оқушылары, Ассамблея құрылымдарының мүшелері қатысуда. Олар мұражаймен, арнайы жасақталған фотокөрме жұмысымен танысты.  Бізде «1000 бала» атты мәдени-ағартушылық жоба жұмыс жасайды. Ол бойынша 4 аралас мектептің 4-7 сынып оқушылары мемлекеттік тілді үйренеді. Бүгін сол балалар «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сымбат Әбдірахманованың «Сиқырлы кілт» анимациялық фильмін тамашалауда,– деді ол.

ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова ассамблея жұмысына сәттілік тіледі.