12 мау, 2019 сағат 10:39

Мемлекеттік басқаруға білімді азаматтар ғана келуі тиіс - Мемлекет басшысы

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесіне кадрларды іріктеу ұстанымдары жөнінде айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қоғамның саяси өзгеруі жалғаса береді. Саяси қондырмалар терең экономикалық өзгерістерге негізделуі тиіс. Әйтпесе, реформалар тұралап қалуы мүмкін», - деді Президент.

Оның айтуынша, мұны әлемдік тәжірибеден анық байқауға болады.

«Мемлекеттік басқару жүйесіне тек қана лайықты, білімді азаматтар әділ бәсеке негізінде келуі тиіс. Кадрларды іріктеудің өзге ұстанымы болмауы тиіс. Жалпы биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыру міндеті тұр», - деді Қ. Тоқаев.

Сонымен бірге, Президент азаматтық қоғамды дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін жеткізіп, жаңа кадрлық резерв құру арқылы жас әрі дарынды жастарға қолдау көрсетілетінін мәлім етті.

«Менің ең басты міндетім - сіздер ең басты армандарыңызды орындай алатындай жағдай жасау, өзіңіздің жетістік жолыңыз туралы жаза білуге мүмкіндік жасау. Мемлекеттік қызметтің барлық деңгейінде жаңа дарынды басқарушыларды қолдау үшін Президенттік кадрлық резерв құрылады. Біздің жастар - өте дарынды әрі креативті, мақсатқа ұмтылып тұрады. Сол себепті, Қазақстанның болашағы сенімді қолда деп айта аламын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы ұлықтау рәсімінде.