20 сәу, 2018 сағат 09:11

Мемлекеттік бағдарламаның мәні терең

Бүгінде Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар аз емес. Бұған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Алматы облысы бойынша Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің қосып отырған үлесі қомақты.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылғы 9 қыркүйекте өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Ауылшаруашылығы министрлігіне аталған бағдарламаны іске асыру жөнінде нақты міндеттер жүктеген болатын. Осы ретте қазір нарықта сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін өндіруді қамтамасыз ету басты мақсаттың біріне айналып отыр. Сонымен бірге ұсақ және орта шаруашылықтарды ауылшаруашылығы кооперациясына тарту, ішкі нарықты молықтыру және отандық өнімнің экспорттық әлеуетін дамыту, сондай-ақ, мемлекеттік қаржылық қолдау шараларын тиімді қолданып, су, жер ресурстарын тиімді пайдалануға жағдай жасау, ауылшаруашылығы тауар өндірушілерін техника және химияландыру құралдарымен қамтамасыз етуді арттыру, сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, ғылыми-технологиялық, кадрлық және ақпараттық-маркетингтік қамтамасыз ету негізгі міндеттердің қатарында. 

Агроөнеркәсіптік кешен елдің азық-түлік және экономикалық қауіпсіздігін, сондай-ақ, ауылдық аумақтардың еңбек және қоныстанушылық әлеуетін қалыптастыратын экономиканың маңызды секторы саналады. Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсіптік кешенін әрі қарай дамытуда жақсы перспективаларға ие майлы және етті секторлардың экспорттық әлеуеті күшеюде.

Тәуелсіздік кезеңінде тоғыз бағдарламалық құжат әзірленді. Олардың негізінде Агроөнеркәсіптік кешені саласындағы мемлекеттік саясат іске асырылды. Бағдарламаларды толықтай тізіп шығатын болсақ, олар: 1991–1995 жылдарға және 2000 жылға дейінгі кезеңге арналған «Ауыл» әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасы, Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 1993 – 1995 және 2000 жылға дейiнгi кезеңге арналған тұжырымдамалық бағдарламасы, Ауылшаруашылығы өндірісін дамытудың 2000 – 2002 жылдарға арналған бағдарламасы, 2003 – 2005 жылдарға арналған Мемлекеттік аграрлық азық-түлік бағдарламасы, Ауылдық аумақтарды дамытудың 2004–2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Агроөнеркәсіптік кешенін тұрақты дамытудың 2006–2010 жылдарға арналған тұжырымдамасы, ҚР Агроөнеркәсіптік кешенін тұрақты дамытудың 2006 – 2010 жылдарға арналған тұжырымдамасын iске асыру жөнiндегi бiрiншi кезектегi шаралар бағдарламасы, Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2010–2014 жылдарға арналған бағдарлама және ҚР Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2013–2020 жылдарға арналған «Агробизнес–2020» бағдарламасы. 

Тамақ өнімдерінің айтарлықтай сұранысқа ие түрлеріне баса назар аударыла отырып, ауылшаруашылығы өндірісінің көлемін ұлғайту және қайта өңделген ауылшаруашылығы өнімдерінің экспортын дамыту мақсатында бәсекеге қабілетті өнімді бастапқы қайта өңдеу, сақтау, өткізу үшін қолайлы жағдай және инфрақұрылым жасау жолымен ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдаумен барынша қамтуды қамтамасыз ету қажет. ҚР Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы Мемлекет басшысының 2016 жылғы 9 қыркүйектегі ел Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген Қазақстан Республикасын дамытудың стратегиялық мақсаттарына және «Қазақстан – 2050» стратегиясына сәйкес әзірленді. 

Осылайша, аталған бағдарлама ауылшаруашылығы өнімдерінің аса қажет түрлері бойынша халықтың ішкі қажеттілігін қамтамасыз етуге, мақсатқа бағытталған экспорттық саясатты айқындауға бағытталмақ. Бағдарлама Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың «Агробизнес – 2017» бағдарламасы мен Қазақстанның су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасын интеграциялау негізінде әзірленді. Қазақстанның ауылшаруашылығы алқаптарының жалпы алаңы 177,8 млн. гектарды, оның ішінде жайылымдар 146,9 млн. гектарды, егістік пен тыңайған жерлер 26,7 млн. гектарды, шабындықтар 4,2 млн. гектарды құрайды. Республиканың барлық өңірінде жер сапасының нашарлауына, топырақ құрамында қарашірік пен қоректі заттардың, өсімдіктердің түрлі құрамы мен оның өнімділігінің төмендеуіне қатысты тұрақты үрдіс байқалуда, бұл ауылшаруашылығы өндірісінің әлеуетін төмендетеді. Жыртылған алқаптардың құнарлылығын арттыру және жайылымдарды суландыру жөніндегі іс-шаралар толық көлемде жүргізілмейді. Ауылшаруашылығы алқаптарының сапалық жай-күйін көрсететін топырақтық және геоботаникалық зерттеулердің сапалы материалдарымен небары 27,8 млн. гектар қамтамасыз етілген, бұл жалпы тұтынудың 14,8 пайызын құрайды. 

Сонымен қатар, ауылшаруашылығы жерлерінің сапалық жай-күйі туралы ақпарат оларды ұтымды және тиімді пайдаланудың негізі саналады. Бұдан басқа, ауылшаруашылығы алқаптарының сапасы олардың кадастрлық (бағалау) құнына тікелей әсер етеді, ол түзетуші коэффициенттерді қолдана отырып, жерге арналған төлемнің базалық мөлшерлемесі негізінде айқындалады. Топырақтық және геоботаникалық зерттеулердің сапалы материалдары болмауына байланысты коэффициенттер 1990 жылға дейін дайындалған материалдар бойынша қолданылады. Іздестіру, жерге орналастыру және жер-кадастрлық жұмыстардың басқа түрімен қатар жоғарыда көрсетілген зерттеп-қараулар нәтижелері ҚР Мемлекеттік жер кадастры мәліметтерін қалыптастыруды қамтамасыз етеді. 

Мемлекеттік жер кадастрын жүргізуді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жүзеге асырады. Мемлекеттік жер кадастрын жүргізу бойынша жұмыстарды қаржыландыруды және ұйымдастыруды ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитеті жүзеге асырады. «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» ҚР Президентінің 2016 жылғы 6 мамырдағы № 248 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Мемлекет басшысының 2016 жылғы 18 тамыздағы № 308 Жарлығымен қолданыстағы мораторий 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды. Бұл шешім Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен құрылған Жер реформасы жөніндегі комиссияның ұсынысы бойынша қабылданды және ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлердің сандық және сапалық жағдайы туралы шынайы ақпарат алу қажеттігіне негізделген. Осы мақсатпен мораторийдің қолданысы кезеңінде республиканың жер қорына талдау жүргізу қажет.    

Жалпы алғанда ауылшаруашылығы алқаптарының мөлшері туралы шынайы ақпарат алу үшін ірі ауқымды топырақтық және геоботаникалық зерттеп қарау және кемінде 66 млн. гектар алаңның топырағына бониттеу жүргізу қажет. Жүргізілген іздестірулер қорытындылары бойынша топырақтық және геоботаникалық карталар қағаз тасығышта сақталады, бұл оларды халыққа және мүдделі мемлекеттік органдарға тиісті ақпарат ұсыну бойынша қызметтер көрсету үшін пайдалануды біршама қиындатады. Осыған байланысты, қолда бар топырақтық және геоботаникалық іздестірулерді оларды пайдаланудың барлық кезеңі ішінде өзгерістер енгізу, талдаулар жүргізу, қажетті анықтамаларды, кестелерді, диаграммаларды, тағы басқаларын қалыптастыра отырып, топырақ және өсімдік жабыны параметрлерінің өзгеру қарқынын қадағалау мүмкіндігі үшін электрондық форматқа ауыстыру және жаңа материалдарды электрондық форматта дайындау қажеттілігі бар. 

Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағдарламасы аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Алматы облысы бойынша филиалы – Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментімен 2017 жылы Алматы облысы Панфилов, Еңбекшіқазақ және Жамбыл аудандары бойынша 272,2 млн. теңгеге 515,0 мың гектар ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерге топырақ зерттеу жұмыстары жүргізілді. Осы бағдарлама бойынша биыл 345,8 млн. теңгеге 850,0 мың гектар ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерге топырақ зерттеу жұмыстарын жүргізу Панфилов және Жамбыл аудандарында аяқталып, Кербұлақ ауданында жұмысты жүргізу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде керекті құрал-жабдық, көлік және заманауи ақпараттық техникамен қамтылу үшін дайындық жүруде. 

Жоғарыда айтылғандай ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері жекеменшікке берілген, оларды  мемлекет немесе мемлекеттiк жер пайдаланушылар жалға берген кезде жер учаскелерi үшiн төлемақының базалық ставкаларын, жалдау құқығын сату төлемақысының мөлшерiн және мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелеріне жекеше сервитут белгілеу үшін төлемақы мөлшерін ҚР Үкiметi белгiлейдi. Ал облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда, Астанада, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда, кенттер мен ауылдық елді мекендерде жер учаскелерi жекеменшiкке берiлген кезде олар үшiн төлемақының базалық ставкалары жергілікті жағдайлар мен ерекшеліктерге қарай облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Астананың өкілді және атқарушы органдарының бірлескен шешімдерімен белгiленедi. Департамент осы белгіленген төлемақының базалық ставкаларына түзету коэффициенттерiн қолдану арқылы шығарылатын кадастрлық (бағалау) құнын анықтайды.

Жанбек ӘБІШЕВ,

 «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Алматы облысы бойынша филиалы Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру
департаментінің директоры