27 мам, 2020 сағат 08:51

Мемлекеттік айыптаушы Болат Бақауовты 3,5 жылға соттауды сұрады

Павлодар облысында Болат Бақауовқа қатысты сот басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мемлекеттік айыптаушы Елена Белова Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауовты мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, үш жарым жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Басты сот процесі бүгін сағат 11.30-да Павлодар қаласында, № 2 қылмыстық сотта басталды. 

Болат Бақауовтың қорғаушысы Ашурбек Ашурбеков бұрынғы өңір басшысы тергеумен келісіп, кінәсін мойындағанын және келтірілген шығынның орнын толтырғанын мәлімдеді. Болат Бақауов бес баланы, оның ішінде төрт кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеп отыр. Сотталушының қорғаушысы Бақауовтың мүлігіне салынған тыйымды алып тастауды өтінді.

Процесс мобильді бейнеконференция арқылы өтіп жатыр, сотталушы Бақауов, мемлекеттік айыптаушы, қорғаушы және БАҚ онлайн қосылды. Сотталушы мен оның қорғаушысы, прокурор олардың бейнелерін БАҚ беттерінде қолдануға қарсылық білдірмеді.

Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың 16 қаңтарында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа қатысты қылмыстық істі тергеп жатқаны белгілі болған еді.

«Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2020 жылғы 15 қаңтарда Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа қатысты лауазымдық уәкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 362-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша тіркелген қылмыстық іске сәйкес жедел-тергеу шараларын жүргізді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Осы кезеңде тергеу мүддесіне орай толық деректер жариялануға жатпайды», - делінген ҰҚК ақпаратында.

Болат Бақауов 18 ақпаннан бері үйқамақта отыр.

Сәуірде оны үйқамақта ұстау мерзімі мамыр айына дейін созылды.