01 сәу, 2020 сағат 09:01

Мемлекетке халық көмектесуі және осыны дұрыс түсінуі керек – Дәурен Қуат

Жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Дәурен Қуат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіне орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының мәлімдемесі – нағыз керек мәлімдеме болды. Төтенше жағдай жарияланғалы көмек, жәрдем сұрайтын адамдар саны көбейіп кетті. Медицина қызметкерлерінің денсаулығына, жеке бастарының қауіпсіздігіне қатысты мәселелер туындады. Кәсіпкерлер кәсібінен қағылып қалмауы керек, сондай-ақ алып отырған жалақылары төмендеп қалған немесе күнкөріс көзінен айырылып қалған азаматтар бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше осы мәселелердің бәріне тоқталып, қажетті көмек көрсетілетіні туралы мәлімдеді», - дейді жазушы Дәурен Қуат. 

Ол Мемлекет басшысы биліктің халықпен бірге екендігін, халықты ешқандай қиын жағдайға қалдырмайтыны туралы айтқанына тоқталып өтті. 

«Бұл – біздің мемлекетіміздің әлеуетін, мол қаражатымыз бар екенін, осындай қиын жағдайда мемлекет тарапынан көмек болатынын көрсетеді. Президенттің «Енді мемлекетке халық көмектесуі керек» деген сөзі көңілімнен шығады. Бұл сөзді дұрыс түсінуіміз керек. Олардың қойып отырған талабы – вирустың таралып кетпеуі үшін үйден шықпай отыру. Бұл адамның құқығын, жеке басының мүддесін шектейтін талап емес. Бұл жеке басымыздың қауіпсіздігін сақтау үшін жасалған талап», - дейді Дәурен Қуат. 

Сондай-ақ, ол берілетін әлеуметтік төлемдерге тоқталып өтті. Оның сөзінше, Президент 42 500 теңге берілетіні туралы жай ғана айта салмай, ондай көмектің қанша адамды қамтитынына назар аударды. Сонымен қатар, Дәурен Қуаттың пайымынша, бұл Үкіметтің осыған қатысты санақ, сараптама жүргізгенін білдіреді. «Кешегі Президенттің мәлімдемесінен кейін көңіліміз орнығып қалды. Айналаңдағы адамдардың алаңдамай, болашаққа сеніп отырғаны да жақсы ғой», - дейді ол. 

«Қанша қаржы бөлінді, оны қанша адам алды – Үкімет осының бәрін ашық түрде көрсетіп отырса жақсы болар еді. Мысалы, Ақмола облысына қанша жанар-жағармай бөлінгені ашық көрсетілсе. Сонымен қатар, телеарналар азық-түліктің адамдарға тегін жеткізілгені туралы видеосюжеттер көрсетіп тұрса дұрыс болар еді», - дейді Дәурен Қуат.

Айта кетейік, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар эфирінен мәлімдеме жасаған болатын.