#
#
Cәрсенбі 03/06/2020

Мемлекет пен қоғамның үндестігі – пандемияның салдарымен күрестің шешуші факторы

  • 02.04.2020
  • 0
  • 357

COVID-19 пандемиясының ошағы аз ғана аптаның ішінде Қытайдан Еуропаға көшті. Осылайша бұл денсаулық сақтау жүйесі үшін үлкен сын-қатер болып қана қоймай, тұтас мемлекеттік басқару жүйесі, бизнес және қатардағы азаматтар үшін де төзімділік сынағына айналды.

Коронавирустың Хубэй провинциясының шегінен шығып таралу қаупін уақтылы түсінген мемлекет басшылығы алғашқы күндерден бастап барлық қажетті ресурстарды жұмылдырды. ҚР Президенті

Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған Ведомствоаралық комиссия нақты әрі кезеңді іс-қимыл стратегиясын әзірледі. Алдын алу шаралары ретінде санитарлық-эпидемиологиялық және көші-қон бақылауы күшейтілді, медициналық мекемелер толық дайындыққа көшірілді, шет елдерде қалған қазақстандықтарды эвакуациялау жұмысы қамтамасыз етілді.

COVID-19 пандемиясының экономикалық салдарының алдын алу мақсатында елімізде төтенше жағдай режимі енгізілді. Осы сәттен бастап, шағын және орта бизнесті қолдау, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары белсенді қолға алына бастады.

ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімімен дағдарысқа қарсы алғашқы шаралар легі қабылданды. Осыған сәйкес шағын және орта бизнеске тиесілі барлық салық түрлері және өзге де міндетті төлемдер айыппұлсыз және өсімсіз 3 айға шегерілді. Енгізілген төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған азаматтарға 1 ең төменгі айлық жалақы (42 500 теңге) көлемінде төлемақы берілетін болды. Жоғары жүктеме жағдайында коронавируспен күресіп жатқан 26 228 медициналық қызметкердің еңбекақысына үстемақы түрінде қаржылай көмек көрсетілмек. Медициналық қызметкерлердің денсаулығы мен өмірін сақтандыру мәселесі жеке қаралды.

31 наурыз күні Мемлекет басшысы азаматтарды әлеуметтік және экономикалық қолдаудың қосымша шараларын жария еткен болатын. Жарияланған шаралар аясында шамамен 3 миллион азамат немесе әрбір алтыншы қазақстандық мемлекет қолдауына ие болмақ. Нақты айтсақ, зейнетақы мен атаулы әлеуметтік көмекті қамтитын мемлекеттік жәрдемақылар 10%-ға индексацияланады. Енгізілген төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған азаматтармен қоса бейресми жұмыспен қамтылған және өзін өзі жұмыспен қамтушы тұлғаларға да ең төменгі айлық жалақы тағайындалмақ. 1, 2, 3-топтағы мүгедектер мен мүгедек балаларға, ресми жұмыссыздар санатына жататын азаматтарға – барлығы 800 мыңнан астам адамға тегін азық-түлік пен тұрмыстық жиынтық беріледі.

Осы қиын жағдайда Қазақстан қоғамы ортақ істен шет қалмай, асқан қажеттіліктен туындаған оқшаулау шараларына зор түсіністікпен қарады. Азаматтардың көпшілігі медицина қызметкерлерінің алдын ала сақтандыру кеңестеріне байыппен қарап, өз қауіпсіздіктері үшін карантин режимін сақтауда.

Мәдениет өкілдері онлайн концерттер мен әдеби кештер ұйымдастыруда. Бұл қазақстандықтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, осы орын алған оқиғаның оң шешілетініне сенім ұялатады. Сонымен қатар, отандық музейлер, театрлар мен көрмелер онлайн режимде халыққа өз есіктерін айқара ашып қойды.

Бизнес-қауымдастық өкілдері қарт адамдарға, медициналық қызметкерлер мен мекемелерге, балалар үйлеріне, көпбалалы отбасыларға елеулі көмек көрсетуде. Кәсіпкерлер өз кәсібін медициналық мекемелердің қажетіне қарай бейімдеуге күш салып жатыр.

Қазақстандық меценаттар да пандемияның салдарымен күреске өзінің үлесін қосып отыр. Елбасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қорына бір тәулік ішінде 41 миллион доллар қаржы құйылды. Жиналған қаражат медициналық дәрі-дәрмек, қорғаныс құралдарын, сондай-ақ халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарына аса қажетті тауарлар сатып алуға жұмсалуда.

Жастарымыз жоғары азаматтық жауапкершілік танытқанын да айтқан жөн. «Jas Otan» еріктілері мен партия белсенділері тікелей байланысқа түспей-ақ, халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарына антисептиктер, гигиеналық құралдар, қажетті азық-түлік үлестіруде. Мұндай еріктілер штабы бүгінде еліміздің барлық өңірінде қызмет етуде.

Қалыптасқан жағдайдан бір нәрсені анық байқаймыз. Мәселені шешуге жұмылғанда ғана коронавируске байланысты туындаған қиын жағдайды аз шығынмен еңсеруге болады. Себебі, еліміздің тағдыры – өзіміздің қолымызда. Біз біргеміз! 

Жанна Кәрімова

социолог

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

Әлеуметтік-экономикалық зерттеулер 

бөлімінің жетекшісі

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар