23 мау, 2017 сағат 11:23

Мемлекет басшысы шетелде жүрген талантты қазақтарды елге шақырды

Тарихи отаныма еңбек сіңіремін деген әр талантты қазақты елге жеке шақырамын. Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Кез келген мемлекет кәсіби жаңашыл мамандарға мұқтаж. Тарихи Отаныма еңбек сіңіремін, оның дамуына үлес қосамын деген  әр талантты қазақты елге жеке шақырамын. Мен білемін, жеке тізімі де бар, шетелде жеке кездесуім де бар. Кезінде жағдайсыз көшіп кеткен. Ғалым болып,  зертханаларда жұмыс істеп жүрген азаматтарымыз бар. Меніңше, олардың елге келетін ынтасы бар", - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті сол азаматтарды елге шақырып, еңбек етуге жағдай жасау қажеттігін баса айтты.

"Үкімет осындай азаматтарды елге тартып, мамандығына, мүмкіндігіне қарай жағдай жасаудың тетіктерін қарастырсын. Бірақ кейде шақырамыз, келеді. Анда жүреді, мында жүреді, ешқайда қабылданбай қайтып кетеді. Ел басқарып отырған азаматтарға, министрлерге осыны (мұндай жағдайға жол бермеуді - ред.) тапсырамын", - деді Елбасы.