09 қаң, 2020 сағат 06:34

Мемлекет басшысы популистік идеяларға қатысты пікір білдірді

Әлемде тек жалаң ұрандар арқылы билікке жеткісі келетін топтардың дауысы жиі естілуде. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Абай шығармаларында меритократия мәселесіне де айрықша мән берілген. Ол адамды мәртебесіне қарай емес, талабы мен еңбегіне қарап бағалаған. Ұлы ақын қазақ жастарына жөн-жоба көрсетіп, бағыт-бағдар берген. Қазір Қазақстанда саяси жаңғыру үдерісі жүріп жатыр. Елбасының қолдауымен билікке басшылардың жаңа буыны келе бастады. Соған қарамастан, елімізде түбегейлі саяси өзгеріс керек деген ойлар да жиі айтылып жатады. Бірақ бұл мәселе бойынша ұлттық мәмілеге келудің, мемлекет мүмкіндіктерін шынайы бағалаудың және жүктелген міндетке жауапкершілікпен қараудың маңызы зор. Өзгеріс деп байбалам салатындар еліміздің болашағын байыптамайды, жай ғана популистік идеяларға табан тірейді», - деп атап өтілген Президент мақаласында.

Осы орайда Мемлекет басшысы популизм теріс тенденция ретінде дүниежүзілік сипат алғанын, әлемнің түкпір-түкпірінде нақты стратегиясы жоқ, тек жалаң ұрандар арқылы билікке жеткісі келетін топтардың дауысы жиі естіліп жатқанын айтты.

«Осындай даңғазаға құмар адамдар туралы Абай: «Қу тілменен құтыртып, Кетер бір күн отыртып», – дейді. Расында, бұл – кез-келген елдің дамуын кенже қалдыратын, ұлттың бірегейлігін әлсірететін қауіпті үрдіс. Бізге, Абай айтқандай, артық мақтанға салыну, өзгені қор, өзімізді зор санау, дау қуу әсте жараспайды. Әр қадамымызды анық басып, әлемде және елімізде болып жатқан оқиғаларды байыппен сараптай білуіміз қажет. Тұрақтылық пен дамуымыздың кепілі болған татулық пен бірлікті бәрінен жоғары қойған абзал. Мемлекет мүддесін көздесек, әуелі сабақтастық сақталып, төгілген тер мен атқарған еңбектің далаға кетпеуін ойлайық. Осындай саясат жүргізген кезде ғана барлық стратегиялық мақсаттарымызға қол жеткізіп, Қазақстанды озық дамыған мемлекеттердің қатарына қоса аламыз», - деп нақтылады Қасым-Жомарт Тоқаев.