15 мам, 2018 сағат 10:13

Мемлекет басшысы Оралда жиһаз фабрикасының жұмысымен танысты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Оралдағы «Квант» ЖШС-ның жиһаз фабрикасында болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". Ол тұтас жиһаз жасаудың технологиялық үдерісімен танысты.

Қазақстан Президентіне кәсіпорынның қазіргі қаржы-шаруашылық жағдайы туралы мәлімет ұсынылып, өндіріс ауқымын ұлғайту және дайын өнім тізбесін кеңейту жоспары жөнінде баяндалды.

Сондай-ақ, фабриканы аралау кезінде Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы, соның ішінде өнеркәсіп секторының, шағын және орта бизнестің қазіргі ахуалы мен перспективалары жөнінде баяндалды.

Бұдан бөлек, кәсіпорын аумағында Мемлекет басшысына индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, фин технологиясы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін жаңғырту, ірі қара мен ұсақ малдың терісін өңдеу, нан және макарон өнімдерін өндіру, химия өндірісі, дизель отынының компоненттерін гидротазалау жөніндегі жобалар бар.

Айта кетейік, «Квант» компаниясы поролон, матрас, тұтас және жұмсақ жиһаз жасаумен айналысады. Өндірісте қолданылатын барлық материал экологиялық тұрғыдан таза әрі мемлекеттік стандарттарға сай келеді.

Жиһаз еуропалық тауар өндірушілердің заманауи құрал-жабдығымен озық технологиялар қолданыла отырып жасалады.