12 там, 2018 сағат 14:55

Мемлекет басшысы Бесінші Каспий саммитінің пленарлық отырысына қатысты

Мемлекет басшысы Бесінші Каспий саммитінің пленарлық отырысына қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекеттер басшыларын қарсы алу рәсімінен соң, Нұрсұлтан Назарбаев және Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов  Бесінші Каспий саммитінің пленарлық отырысына қатысты.

Негізгі баяндама жасаған Қазақстан Президенті бұған дейін өткен Каспий саммиттерінің рөліне ерекше тоқталып, онда келіссөз үдерісіне қажетті саяси серпіліс берілгенін және қайшылық ұстанымдар бойынша келісімге қол жеткізілгенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Каспий өңірінің тарихы бірегей әрі мәдениеті алуан түрлі екенін, мұнда адам ресурстары мол және бай табиғи қор шоғырланғанын, сонымен қатар, теңіздің географиялық тұрғыдан тиімді орналасуының арқасында зор геосаяси маңызға ие болып отырғанын атап өтті.

– Бүгінде Каспий маңы елдерінің әлеуеті зор және қарқынды дамып келе жатыр. Біздің елдеріміздегі тұрғындардың жалпы саны 240 миллион. Осының бәрі Каспийге қатысты мәселелер кешенін бірлесіп шешу қажеттігін туғызды, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Конвенцияны Каспий теңізінің суын, түбін, қазба байлықтары, табиғи ресурстары мен әуе кеңістігін қоса алғанда, Каспийге қатысты тараптардың құқықтары мен міндеттерін реттейтін негізгі жан-жақты құжат болып саналатынын айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Каспий маңы елдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды болдырмау, әскери қызметтері мәселелеріне айрықша назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев Конвенцияға қатысушы елдер қызметтерінің негізін қалайтын қағидаттарға ерекше тоқталып, соның ішінде Каспий теңізі аймағын бейбітшілік, тату көршілік және достық өңіріне айналдыру қажеттігін, оны бейбіт мақсатта пайдаланып, елдердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу керектігін, сондай-ақ, Каспий теңізінде тараптарға қатысы жоқ қарулы күштер болмауға тиіс екенін айтты.

Мемлекет басшысы Конвенцияның Каспий маңы елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға зор мүмкіндік беретініне тоқталып, осы бағыттағы бірқатар қосымша шараларды атап өтті. 

Каспий теңізінің саяси ахуалы тұрақсыз аймаққа жақындығы Каспий маңы мемлекеттерінің қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өзара тиімді әрі нақты іс-қимылдарды пысықтауды талап етеді. Осыған орай әскери қызмет саласындағы сенім шаралары үшін бес жақты келісім жасауды ұсынамын, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев инвестициялық ықпалдастықты одан әрі дамытып, энергетикалық және геологиялық барлау саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін Конвенция мен қол қойылған құжаттардың мүмкіндіктерін толық көлемде пайдалану қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы көлік-транзит қуатын арттыру үшін тариф саясатын жетілдіріп, Конвенцияға қатысушы елдердегі тасымалдау жағдайын жақсартуды ұсынды.

– Каспий теңізінің керемет экологиялық жүйесін сақтау үшін биологиялық ресурстарды заңсыз кәсіпке айналдырғандарға қарсы күрес жүргізу жөнінде арнайы құжат қабылдау қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Конвенцияға және бірқатар екі жақты құжаттарға қолқою Каспий маңы мемлекеттерінің  достық қарым-қатынастарын көрсететінін, бірлесіп тығыз ынтымақтастық орнатып, Каспий теңізіне ұқыпты қарау керектігін айтты.

– Мен әріптестеріме – барлық елдің басшыларына, сондай-ақ  Конвенцияны әзірлеген арнайы жұмыс тобына өте маңызды жұмыс атқарғаны үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздер болмасаңыздар бүгінгі жетістікке жетпеген болар едік. Ақтау саммитінің қорытындылары Каспий теңізіндегі жан-жақты іс-қимылдарымызды ілгерілетуге өз үлесін қосатын болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.