30 сәу, 2019 сағат 17:45

Мемлекет басшысы «Бақытты отбасы» аналар орталығына барды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Бақытты отбасы» аналар орталығына барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Орталықта Мемлекет басшысына көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қолдау жөніндегі Тұңғыш Президент – Елбасы тапсырмаларының орындалу барысы туралы мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «бір терезе» қағидаты бойынша әлеуметтік әлсіз отбасылар мен көпбалалы аналарға қызмет көрсету мақсатында ашылған еліміздегі алғашқы мекеме «Бақытты отбасы» аналар орталығының жұмысымен танысты. Мұнда мамандар көпбалалы аналарға психологиялық, құқықтық мәселелер бойынша кеңес береді. Сонымен қатар, жаңа мамандықтарға баулып, компьютерлік сауат ашуға көмектеседі. Орталық қызметі әлеуметтік әлсіз отбасылардың өмір сүру сапасын арттырып, олардың экономикалық дербестігін нығайтуға бағытталған.