02 сәу, 2019 сағат 14:20

Мемлекет басшысы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді қабылдады


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіровті қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Кездесу барысында Қазақстан Президентіне Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жұмысы туралы есебі, сондай-ақ, еліміздегі адам құқықтарының сақталуы жөнінде мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындардың, соның ішінде кедей отбасылар мен көп балалы аналардың негізгі құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету, сондай-ақ сотталғандарға қатыгездік көрсету фактілеріне жол бермеу үшін мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс істеу қажеттігін айтты.

Соңында Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма беріп, құқық қорғау мәселесін жігі назарда ұстайтынын айтты.