30 қаз, 2018 сағат 11:57

Мемқызметшінің телефонына бірлік салған тұрғынға 330 мың теңге айыппұл салынды

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты лауазымды тұлғаға сыйлық жасауға шешім қабылдаған әйелге 336 700 теңге көлемінде айыппұл салды, деп хабарлайды Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

Агенттіктің Астана қаласы бойынша департаментінің мамандары азаматша А.-ға ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Астана қаласы аумақтык инспекциясының қызметкеріне заңсыз материалдық сыйақы бергені үшін әкімшілік хаттама толтырды.

Әкімшілік істі жүргізу материалдарына сәйкес 2018 жылғы 3 қыркүйекте азаматша А. сол жердегі карантиндік өнімдердің фитосанитарлық жағдайын міндетті тексерусіз Қазақстаннан тыс жерлерге карантинге жатқызылатын өнімдерді шығару туралы фитосанитарлық сертификатты рәсімдеу мақсатында Аумақтық инспекцияның мемлекеттік инспекторына оның ұялы телефонына 3000 теңге баланс аударып, тексеру жүргізуді қашықтықтан, яғни бейнеқоңырау арқылы жүргізуге өтініш жасаған.

Аталған ұсыныс мемлекеттік инспектордың ұялы телефонына «WhatsApp» мобильді қосымшасы арқылы келіп түскен.

Мемлекеттік инспектор болған оқиғаны өзінің тікелей басшысына дереу хабарлап, түскен 3000 теңгені арнайы мемлекеттiк қорға жіберген.

Судья әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау нәтижесі бойынша  азаматша А.-ға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 676-бабында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн әкiмшiлiк жауапқа тартуға және әкiмшiлiк жазаны 200 АЕК көлемінде әкiмшiлiк айыппұл түрінде әкімшілік шараға тарту туралы қаулы шығарды.

Сот отырысында азаматша А. кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінді.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 829-11-бабын басшылыққа ала отырып, сотталушының материалдық жағдайын, азаматша А.-ның бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын ескере отырып айыппұл мөлшері 30%-ға қысқартылған.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісін хабарлаған тұлға қолданыстағы ережелерге сәйкес көтермеленуге ұсынылды.

Атап өту керек, аталған жағдайға ұқсас фактілер Астанада мемлекеттік кіріс органдарының қызметкерлерін ынталандыру әрекеті барысында тіркелген, нәтижесінде пара берушілер 200 АЕК мөлшерінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Еске саламыз, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанында тәулік бойы 1424 call-орталығы жұмыс істейді.

Егер Сіз лауазымды тұлғалар тарапынан қорқытып алушылықтың құрбаны болсаңыз немесе Сізді пара алуға мәжбүрлеген жағдайда әрқашан көрсетілген нөмірге хабарласуға болады.

Құзыретті операторлар сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселелер бойынша тегін консультациялық қолдау көрсетеді және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабарламаларды телефон арқылы қабылдайды.