17 сәу, 2019 сағат 10:45

Мемқызмет көрсетудегі жаңалықтар тұрғындарға көп жеңілдік жасайды - Мәжіліс төрағасы

Мемлекеттік қызметтерді көрсетуде енгізілген жаңалықтарды халық арасында кеңінен түсіндіру керек. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің  төрағасы Нұрлан Нығматулин палатаның жалпы отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, бүгін палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

«Бүгін баршамамыз талқылаған заң жобасы халқымыз үшін өте маңызды әрі өте қажетті. Себебі Қазақстандағы әрбір азаматтың қажеттіліктері мемлекеттік қызмет көрсету бағытында реттеледі. Сондықтан мемқызметті көрсету әрқашан да заман талабына сай жаңарып отыруы керек. Мұнымен қоса, осы саладағы жұмыстар қолжетімді әрі сапасы жоғары деңгейде болуы тиіс», - деп тоқталда Мәжіліс төрағасы.

Осы орайда Н. Нығматулин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылы 90 пайызға дейін электронды форматта мемқызметтерді көрсету мақсатын қойғанын еске салды.

Атап айтқанда, депутаттар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және заң техникасының талаптарына сәйкес келтіру бойынша, сондай-ақ заң жобасының жекелеген нормаларын нақтылайтын және мазмұнын жақсартатын түзетулер енгізді. Жұмыс тобына депутаттар мен комитеттерден 578 ұсыныс келіп түсіп, мүдделі министрліктер, ведомстволар және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының бес отырысында, Комитеттің кеңейтілген отырысында талқыланды. Осының нәтижесінде, мемқызметтерді алу үшін жиналатын құжаттар көлемі елеулі түрде қысқарады деп күтілуде.

«Түзетулер қашықтықтан тұрғындарға барлық қажетті мемлекеттік қызметтерді алуға мүмкіндік береді. Бүгінде кейбір қызметтерді қашықтықтан алуға болады. Алайда көп жағдайда біздің азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, кезекке тұрып жатады. Негізі, бұл қызметті олар үйден шықпастан алуына жағдай жасалған», - деді Мәжіліс төрағасы.

Осы орайда ол халық арасында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін атап өтті.