15 сәу, 2019 сағат 08:11

Мэлс Елеусізов сайлауға үшінші рет түсуге ниетті

«Табиғат» экологиялық қоғамының көшбасшысы Мэлс Елеусізов Президент сайлауына түсуге дайын екенін мәлім етті. Бұл туралы ол КТК арнасына берген сұхбатында айтты.

«Сайлауға өзім барамын. Қазір өткізбесе, біреудің командасына қосыламын. Ештеңеге қарамастан, қатысамын. Өзім үгіт-насихат жүргіземін. Қолдан келсе, ел аралаймын. Мені тоқтатпауға кеңес беремін. Менің заңды құқығым бар. Тіпті, заң өзгерсе де... Мен қоғамдық бірлестікті басқарамын. Ол 90-жылдардың басында тіркелген Қазақстандағы ең алғашқы танымал бірлестік», - дейді Елеусізов. 

Мэлс Елеусізов Қазақстан президенті сайлауына екі мәрте түсті: 2005 жылы 0,28% дауыс жинаса, ал 2011 жылы – 1,15%. 2011 жылғы сайлауда ол Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беріп, журналистерге бюллетенін көрсеткен еді.

Айта кетейік, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтеді Бұл туралы 9 сәуір күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті. Ол сайлаудың ашық және әділ өтуіне кепіл берді.