28 там, 2018 сағат 11:53

Мектептерде латын графикасын енгізу бойынша апробацияны бастаймыз - Сағадиев

Елорданың бес мектебінде 0 және 1 сынып оқушылары үшін латын графикасын енгізу бойынша апробция жүргізіледі. Бұл туралы білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Эксперимент аясында бірнеше нұсқа дайындалды, бірнеше мектеп іріктелді. Біз бұл білім ордаларында апробацияны бастаймыз. Сынақ нәтижесі бойынша балалардың латын әліпбиін қалай меңгеріп жатқанын, оларға қалай ыңғайлы екенін анықтаймыз. Бұл қарапайым ғылыми жұмыс, министрлік мұнымен өте жақсы таныс. Сондықтан қандай да бір қиындықтар болады деп ойламаймын", —деді Сағадиев үкімет кулуарында. 

Министрдің айтуынша, латын әліпбиімен басылған оқулықтар кәдімгі стандартты оқу бағдарламасы сияқты, ерекше өзгеріс жоқ. Сондай-ақ, ол апробация орта мектептерде жүргізілетінін атап өтті.

"Астанада апробация жүргізу үшін бес мектеп таңдап алынды. Балалар дайын, оқулықтар бар…Қазір қандай сыныптар екенін нақты айта алмаймын, бірақ 0 және 1 сыныптардың бары анық", — деді ведомсво басшысы.

Айта кетейік, Астанада өткен Тамыз конференциясы кезінде министр Сағадиев латын графикасы бойынша сабақ беретін мұғалімдерді дайындау жоспары жайында атқан. «Келесі жылдан бастап 0-ші сынып тәрбиешілері мен мұғалімдерді дайындауға кірісеміз. Латынша «Әліппе» және кириллицада «Букварь» базалық оқулықтарын дайындау жұмысы жүріп жатыр. Оқулықтар 2020-2021 оқу жылына дайын болады», - деп атап көрсетті Е.Сағадиев.