14 қар, 2018 сағат 11:43

Мектепте психолог тапшы – БҒМ

Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов «Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйымдарының республикалық форумында форумда мектептегі психолог мәселесін көтерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Психологтардың бүгінде жүктемесі үлкен. Бір психологқа 1000 бала келеді. Ол бір мың баламен қалай жұмыс істей алады? Сондықтан бүгін Үкіметтің 77-ші қаулысына өзгерістер енгізіп жатырмыз. Екіншіден, психологтардың сапасын арттыру үшін тиісті курстарды өткізуіміз керек. Шетелден мамандар тартып осы курстарды дайындап жатырмыз. Үшіншіден, жалақы мәселелсі. Ол грантта оқып жатса да мектепке келуі екіталай. Нарықта болса екі-үш есе көбірек ақша табады. Психологтардың жалақысын көтеру бойынша Елбасының тапсырмасын орындап, тиісті шешім қабылдап жатырмыз», - деді Аймағамбетов.

Форумға қатысушылардың бірі мұғалімдердің де психология туралы білімін жақсарту қажет екені туралы айтты.

«Алдағы уақытта психологтардың санын екі есе көбейткеннің өзінде де аз болады. Мұғалімдерді дайындайтын университеттерде писхология пәні енген, бірақ сағаты аз. Қазір ақпарат ағыны көп болған соң психологқа мұқтаж балалар саны жыл сайын өсіп келеді. ЖОО-да маман дайындайтын кезде сауатын көтеру қажет. Өйткені әрбір мұғалім психолог бола білуі керек. Осы төңіректе қандай жұмыстар атқарылып жатыр?» - деп сұрады вице-министрден.

Асхат Аймағамбетов бұл сұраққа жауап беріп, барлық мұғалімнің психологиялық құзыреттілігін көтерудың маңызды екенін айтты.

«Әр мұғалім психологияны білуі керек. Сіздің ұсыныңыз толығымен қабылданады. Бірақ та бұл саланы арнайы, тереңінен білетін, балаларға көмектесе алатын психологтар болуы қажет. Бірінші мұғалімдердің құзыреттілігін, екінші психологтардың сапасын көтереміз», - деді Аймағамбетов форумда.

Осыған дейін ол оқушылар мен мұғалімдердің жүктемесін азайту туралы айтқан болатын.