03 жел, 2017 сағат 08:44

Мектепке дейінгі мекемелерде үштілді білім берудің тиімділігі

Үштілді меңгертудің басты мақсаты – тіл үйренушілердің коммуникативтік құзырлығын қалыптастыру.

Тіл – қандай тілде сөйлемесін адам үшін құдірет, байлық, халық мәдениеті, тарихы. Тіл үйрену арқылы адам өзге ұлттың мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын танып біледі.

Қоғамда болып жатқан әлеуметтік экономикалық өзгерістер мен еліміздің  білім беру саласының әлемдік білім кеңістігіне шығуы – білім беру саласында, соның ішінде мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға заман талабына сай өзгеріс енгізіліп отыр. Қазіргі уақытта елімізідің негізгі стратегиялық міндеттерінің бірі мектепке дейінгі мекемелерде білім беру жүйесін қайта  құру және дамыту болып табылады. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мекемесі үздіксіз білім берудің алғашқы деңгейі. Сондықтан да Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың негізгі мақсаты баланың жеке ерекшеліктерін, қабілетін, дарыны мен талантын ашуға және жан-жақты дамытуға бағытталған.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешімді бірлесе отырып қабылдауға тиіспіз, баланың орыс ағылшын тілдерін,  интернет тілін жетік меңгеруі – ең бастысы қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», - деп атап көрсеткен бағыты негізінде мектепке дейінгі ұйымда үш тілді қатар оқыту қолға алынды.

Мектепке дейінгі балалар жасында шет тілін үйрену – қатынас құзыреттілігіне негіз қалау. Дәл осы жаста, яғни 3-6 жас аралығында баланың  жеке  тұлға ретінде қалыптасады, сонымен қатар олардың қабілеті дамып, айқындала түседі. Бала  тілдерді  неғұрлым  ерте  бастан  меңгере  бастаса,  соғұрлым  өзінің  ана  тілімен  тең  түрде  қабылдаулары  жеңіл  болады,  себебі  әрдайым  шет  тілдеріндегі сөздерді өз  ана  тілімен  салыстыра  отырып  жүргізеді.

Мектепке дейінгі мекемелерде мемлекеттік тілді үйренумен қатар шет тілдерін үйренулеріне барлық жағдай жасалынып отыр.  Мектепке дейінгі мекемелерде үштілділікті үйрету кіші топтан басталады. Тілді дамыту жүйесі кешенді жүргізіледі, сондықтан баланың санасында адамзат тілдерінің әр алуандығы туралы түсінікті және оларға деген құрмет сезімін дұрыс қалыптастыру керек.

Мектепке дейінгі білім беруге үштілділікті енгізу, мұның арқасында, тілдерді меңгерудің логикалық жүйесін жасай аламыз. Яғни, балабақшада шет тілмен танысса, мектептерде оның негізін меңгеріп, жоғарғы оқу орындарында мамандықтарына сәйкес кәсіптік тілді оқитын болады.