01 қаз, 2018 сағат 17:44

Мектеп құрылысына бөлінген 145 млрд теңгені кімдер жымқырды?

Еліміздің өңірілерінде салынуға тиіс мектептерге бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлінген. Алайда бүгінде құрылыс жұмыстарына 145 млрд жетіспейтіндігі анықталып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжілісте «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынуы тиіс білім нысандарының құрылысына қатысты отырыс алдында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Мәжіліс депутаты Олег Казанцевтің айтуынша, бес жылдық кезеңде білім беру нысандары, атап айтқанда 175 балабақша мен мектеп құрылысы мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Аталған нысандар 2019 жылы толығымен аяқталуы тиіс.

«175 нысаннан 19 балабақша пайдалануға берілді. Ал мектептерге қатысты жағдай біршама түсініксіздеу болып тұр. Яғни құрылыстың аяқталу мерзімі осы жылға, 2019 жылға ауыстырылған нысандар бар. 4 мектеп бойынша мән-жайды анықтау үстіндеміз, қазір олардың құрылысы жүріп жатыр. Проблема конкурстық процедураларды және нысандарды тапсырудың аралық қорытындыларын дер уақытында рәсімдемеумен байланысты. Сондықтан бұл ретте жағдайды түзеуге болады», - деді ол.

Депутаттың айтуынша, білім нысандарының құрылысына қатысты мүлдем түсініксіз мәселелер де бар. Мәселен, Үкімет бекітіп, нысандардың құрылысы үшін өңірлерге бөлінген 145 млрд теңге төңірегінде қандай да бір айла-шарғы орын алған.

«Қазір Ұлттық қордан қаржыландыру тоқтатылды. Яғни барлық міндеттемелер орындалды. Алайда бізде көшпелі нысандары пайда болып отыр. 2019 жылы олар қайдан қаржыландырылатындығы белгісіз. 2018 жылға да әзірше нақты жоба алып отырғанымыз жоқ. Біз таяу 2-3 апта ішінде бұл процессті талқылаймыз. Қаржы қайда кетті, неліктен жетпей қалды, қосымша қаржы қайдан алынады деген мәселелер қаралады»», - деді Олег Казанцев.