21 қар, 2018 сағат 15:11

Мекемтас Мырзахметов: Еуропаға рухани азықты енді біз бере бастаймыз

Абайтанушы ғалым, «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Мекемтас Мырзахметов ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына қатысты пікірін бөлісті.

Филология ғылымдарының докторы, профессор М.Мырзахметовтың айтуынша, Президент мақаласы дер кезінде жарияланып отыр.  

«Біздің тарихи санамыз жаншылған, ұмытылған, небір еуропацентристік көзқарастың астында қалған бейшара жағдайда болатын. Тарихи сананы жаңғырту, жұртқа жариялау - үлкен ерлік. Бұл мақала көп адамға ой салады. Тарихты, ұлы даланың тарихын біз әлі аша алғанымыз жоқ. Біздің ұлы даламызда небір ұлы адамдар өткен. Соның көбін біз біле бермейміз. Таяу арада біз Шымкентте «Аттила и гунская орда» деген кітап шығардық. Аттила V ғасырда артта қалған, саяси ұғымы әлі терең ермес, мемлекет түрлерін білмейтін бүкіл Еуропаны, халықты жаңғыртып соларға идея берген, тірілткен  адамдардың бірі болды. Бұл туралы Болгар тарихшысы ертеректе жазған. Бірақ Ресей тарихшылары оны жауып қойған. Көбін жойып жіберген. Себебі, мұндай ғылыми дүниелер ашылып кеткенде не болады? 842 жылы болгар тілінде «Шаң қызы» деген дастан шыққан. Орыс тіліне аударылған екен. Көлемі өте үлкен.  Біздің бүкіл дүниетанымымыз сонда тұр. Түріктердің қайдан шыққаны, қалай қалыптасқаны барлығы жазылған. Соның бәрін бізден жасырып келді. Айттырмай келді. Елбасының бүгінгі мақаласы тарихи сананы көтерудің, халыққа жеткізудің керемет методологиясы ретінде жазылған», - деді Мекемтас Мырзахметов.

Ғалымның айтуынша, ендігі кезекте қазақ тарихшылары мен зерттеушілер еуропацентристік бағыттағы ізденістен бас тартуы тиіс.

«Біз көп жағдайда Еуропаға еліктейміз. Еуропа рухани азық беруден қалған. Енді оларға оны біз бере бастаймыз. Ясауидің ілімі, Абайдың «Толық адам» ілімі, Шәкәрімнің «Ар ілімі» олардың қолында жоқ. Осыны жазып тез арада халыққа беруіміз керек. Мен жақында академияда істегенде Абайдың «Толық адам» іліміне монография жазуды аяқтадым. Сонда ұққаным, адамды жаман қылықтан тазалаудың құралы бізде екен. Сондықтан, осы бай тарихымызбен, мұрамызбен неге мақтанбасқа?!», - деді ол.

Еске салайық, бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялаған болатын.