#
#
Cәрсенбі 26/06/2019

«Медициналық заттар интернеті»

  • 24.05.2019
  • 0
  • 1878

«Заттар интернеті» туралы естіп пе едіңіз? Бұл - өзара байланысқа түскен түрлі құрылғылардың желісі. Нақтырақ айтсақ, ол ақылды камералар, есік қоңыраулары, термостаттар және т.б. заттар болуы мүмкін. Бүгінгі таңда IoMT технологиясы, яғни «Медициналық заттар интернеті» қарқынды дамып келеді. «Deloitte» компаниясының болжамы бойынша, 2022 жылға қарай IoMT құрылғыларының ғаламдық нарығы 158 миллиард долларға жетуі мүмкін.

IoMT технологиясы денсаулық сақтау жүйесіне қандай өзгерістер әкелді?  

1. Созылмалы ауруларды емдеуге көмектеседі

АҚШ-та өмір сүретін әр он адамның алтауы созылмалы ауруға шалдыққан. Олардың көбін емдеу үшін науқастың үнемі маманға қаралып жүруі маңызды. Бірақ арасында дәрігердің шұғыл араласуын қажет ететін өзгерістер болуы мүмкін. 2016 жылғы зерттеу көрсеткендей, тасымалы IoMT құрылғыларының көмегімен науқастың өмірі үшін аса маңызды көрсеткіштерді алыстан бақылауға болады.

IoMT құрылғылардың көмегімен адамдар өмір сүру салтындағы өзгерістер денсаулығына қалай әсер ететінін өз көзімен көріп жүр. Алыстан қадағалауға болатындықтан, ауруханада ұзақ жатудың қажеті жоқ. Ал дәрігерлер түрлі дәрілердің әсерін салыстыра алады.

2. Науқас пен дәрігер арасындағы байланыс жақсарады

Егер науқас өз мамандарымен дұрыс байланыс жасамаса, қателіктерге бой алдырып, нұсқауларды дәл орындамауы мүмкін. Соның кесірінен ауруы асқынып, емханаға қайта жатуға тура келетін жағдайлар болып тұрады. IoMT технологиясы арадағы осы байланысты жақсарта алады. Дәрігер науқастың бақылауда ұстап, түрлі өзгерістерге байланысты ем әдістерін қолдана алады. Ал ауруы асқына бастаса, болашақта одан қалай сақтану керектігін түсіндіреді.

«GetWellNetwork» компаниясы осы бағытта «дәлме-дәл әрекеттесу» деп аталатаын технологияны жетілдіру үстінде. Бұл технологияның көмегімен медициналық көрсеткіштерді саралап, науқастарға дер кезінде қажетті ақпарат жіберіп тұрады.   

Қарттар үйлерінің бірінде осы компанияның арнайы бейнероликтері қолданылған. Науқастар кәдімгі смарт-теледидар не планшеттің көмегімен дәрілер қабылдау ретін, мәселен, күніне қанша рет және тамақ алдында әлде кейін ішу қажеттігін біле алады. Сондай-ақ, осы дәрілердің құрамы науқастардың денсаулық жайы мен өзге жеке белгілеріне байланысты дайындалады. Сыртқа шықпай, планшет арқылы дәрілерін бөлмесіне жеткізуді сұрауға да мүмкіндіктері бар.

Жүрегі сырқат берген кісілер де осы компанияның технологиясын қолдана алады. Медициналық қосымшасында бұл ауруды емдеуге қатысты 50-ден астам интерактивті оқу бағдарламасы бар. Түрлі өлшеу жасап, сұрақтарға жауап алу арқылы денсаулығын талдап, қажет болса тиісті нұсқау береді.

Жалпы осындай құралдар маманның емге жеке қатысуын толық ауыстыра алмас. Дегенмен, бұл дәрігерге уақытын барынша тиімді жұмсауға мүмкіндік береді.  

3. Жабдықтауға жұмсалатын  шығынды үнемдейді

IoMT технологиясы ауруханаларға жабдықталуын мұқият қадағалауға жол ашады. Бұл да маңызды, себебі ауруханалар әдетте күнделікті жұмысына қажетті заттарын 10-20%  артық сатып алады. Енді құралдары мен дәрі қораптарына арнайы белгілерді тағып, саны мен қайда жатқанын көріп отырады. 

Бұл технология үнемдеудің тағы да бір жолын ұсынып отыр. Құралдарға қосылған аспаптар жұмысында байқаған ақауын көрсетіп тұрады. Аурухана қызметкерлері осыны дер кезінде анықтап, жөндеуге келмейтін күйге жеткізбейді.

4. Мамандар тапшылығы мәселесін реттейді

Болашақта АҚШ-тың денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін адамдар саны күрт өседі деген болжам бар. Мұның басты себебі – елде егде жастағы адамдар санының артуына байланысты медициналық қызметке сұраныстың өсуі. Осы ретте IoMT технологиясы емханаларға мамандарын тиімді пайдалануға көмегін тигізеді. Мәселен, кейбір медициналық гаджеттердің көмегімен дәрігерлер бір мезгілде бірнеше науқастың жағдайын бақылай алады. Егер біреуінің жағдайы нашарласа, бірден дәрігерге тиісті белгі түседі. Науқастарды бақылайтын осындай құралдар мамандардың қолын босатып, өзге міндеттерін атқаруға мүмкіндік береді.

5. Адамдарға зиянды әдеттерінен құтылуға көмектеседі

Шылым, ішімдік пен есірткі секілді заттарға құмарлық талай жанның өмірін жалмады. Жаңа технологиялар ауруханаға жатпай-ақ, осы зиянды әдеттен құтылуға мол мүмкіндік береді. Мәселен, олар IoMT қосымшасын «емін қадағалайтын күнделік» ретінде қолдана алады. Сол қосымшалардың кейбірі «импульстік бақылау» көрсеткішін есептейді. Бұл көрсеткіш адамның зиянды әдетке қарсы тұру қабілетін анықтайды. Мұны білуге мүмкіндігі бар туыстары мен жақындары дер кезінде жағдайға араласа алады.

2017 жылы алыстан қандағы алкоголь мөлшерін бақылайтын жүйенің тиімділігін бағалаған зерттеу жүргізілді. Оның нәтижесі маскүнемдікті емдеу кезінде және одан кейінгі 12 ай бойы бұл жүйенің қолданылуы ішімдікке қайта салынудан сақтайтын фактор бола алатынын көрсетті.  

Зиянды әдеттерден емдейтін ауруханаларда үнемі бос орын болмайды. Сол себептен бәледен аулақ оқшау тұрудың қажеті болса да, науқастың үйден қатынап емделуден басқа амалы жоқ. Мәселен, Вашингтонда медициналық сақтандыруы жоқ мұқтаж адамдарға арналған бір ғана стационар жұмыс істейді. Оның өзінде бос орын таба алмайсың.

Адам ағзасының ішімдік уынан тазаруын алыстан бақылау жүйесінің де көп пайдасы тиюі мүмкін. Дәрігерлер емделушінің жүрек соғысының жиілігі мен қан қысымының көрсеткіштеріне қарап, оның жағдайын қадағалай алады.

Жалпы IoMT технологиясы ауруханадан тыс емделіп жүрген науқастарды  бақылау жүйесін жетілдіріп, олардың жазылу мүмкіндігін арттыруы мүмкін.

IoMT технологиялары денсаулық сақтау жүйесін түпкілікті өзгертетін түрі бар. Бұл медициналық мекемелер мен мамандар жұмысының тиімділігін арттырып, талай жанды ажалдан арашалап қалуға септігін тигізеді.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР