05 мау, 2019 сағат 06:27

Медициналық оқу орындарының түлектері электронды түрде жұмысқа орналаса алады


Еліміздің жас дәрігерлері жұмысқа электронды түрде тұра алатын болды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев өзінің Facebook парақшасында жазды.

Атап айтқанда, ЖОО-ны медициналық мамандық бойынша бітірген түлектер www.enbek.kz порталы арқылы жұмыспен қамтылмақ. Бұл жобаны ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің цифрлық кеңсесі мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірлесіп, іске қосты.

«Біз мынадай көрсеткіштерге қол жеткіздік: түлектерге жұмысқа орналасу туралы шешім қабылдау үшін барлық деректерге қолжеткізуге мүмкіндік жасалды; медициналық мекеменің нақты қажеттіліктері анықталды, жергілікті бюджет есебінен кадрларды даярлауды жоспарлау процесін оңтайландырдық (әкім гранты). Қазіргі таңда қағаз өтініштер мен бітпейтін бюрократия жоқ», – дейді О. Әбішев.

Оның сөзінше жоғарыда аталған шаралар мамандарды даярлауға септігін тигізеді. Бұған қоса, медициналық мекемелерге жұмысқа орналасудағы кедергілерді білуге ықпал етеді.

«2019 жылдан бастап Астана медицина университетінің барлық түлектері жұмысқа цифрлық форматта орналаса алады. Ал 2020 жылы Қазақ ұлттық медицина университеті, Қарағанды медицина университеті, Семей медициналық университеті және Батыс-Қазақстан медицина университеті толықтай электронды форматқа көшетін болады», – деп жазады вице-министр.

2019 жылдың 31 мамырындағы көрсеткіштерге сүйенсек, enbek.kz порталында 648 медициналық мекеме бар. Медициналық ЖОО түлектері үшін 10103 бос жұмыс орны қарастырылған. Түлектердің 80 пайызы (6340) аталмыш сайтқа тіркелген.

Еске сала кетсек, электронды еңбек биржасы енгізілгеннен кейін елімізде жұмысқа орналасушылардың саны 17 пайызға артқан. Көбіне жалпы проффесияның жұмысшылары (мұғалімдер, дәрігерлер, темір шеберлері, жүк тасушылар және т.б.) жұмыспен қамтамасыз етілуде.