29 қар, 2017 сағат 09:52

Мәжіліс депутаты Бақытжан Әбдірайым отставкаға кетті

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Бақытжан Әбдірайымның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«ҚР Конституциясының 52-бабы бесінші тармағына, «ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» 1995 жылғы 16 қазандағы ҚР Конституциялық Заңының 24-бабы үшінші тармағына сәйкес, ҚР Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Әбдірайымның орнынан түсуі туралы өтінішінің негізінде өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесін шешу жөнінде Сіздірге ұсыным енгізіп отыр», - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен.

Өз кезегін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин алтыншы сайланған депутат ретінде Б. Әбдірайым Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі болғанын еске салып өтті. «Ол жемісті қызмет атқарды. Сондықтан барлық депутаттардың атынан ризашылығымызды айтамыз», - деді Н. Нығматулин.

«Нұр Отан» партиясы тізіміне еніп, депутат болып сайланып, Сіздермен бірге екі жылға жуық жұмыс істегенім мен үшін үлкен абырой мен жауапкершілік болды. Болашақта да жаңа салада Сіздермен бірге тығыз байланыста боламын деп сенемін және қолдауларыңызға үміттенемін»,  - деді Бақытжан Әбдірайым.

Бұдан бұрын хабарланғандай, өткен аптада Б. Әбдірайым ҚР Кәсіподақтар федерациясының жаңа басшысы болып сайланды.