06 қаң, 2020 сағат 14:55

Мәжіліс депутаттары Қостанай тұрғындарымен кездесті

Қостанай облысына жұмыс сапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Әулиекөл ауданына барып, бірқатар әлеуметтік нысанды аралады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Халық қалаулылары Әулиекөл ауданының активімен кездесті. Тұрғындар түйткілді мәселелерін айтып, ұсыныстарын білдірді. Мәселен, аудан тұрғыны Фаина Михайловна сауда-саттық нысандарына бірнеше жыл бойы газ құбырының жүргізілмегенін айтты. Ол 40 сауда ұйымының өкілі қол қойған ұсыныс хатты депутаттарға ұсынды.

Депутат Қуаныш Сұлтановтың айтуынша, мұндай мәселелер әр өңірде бар. Сол себепті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, депутаттар елді мекендерді аралап, тұрғындардың мәселелерін шешуге атсалысуда.

Әулиекөл бастауыш мектеп-интернатының ұжымымен әңгіме барысында депутаттар «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануына байланысты өзгерістерді түсіндіріп берді.

«Жаңа заң педагогтардың кәсіби қызметтегі құқықтары мен міндеттерін егжей-тегжейлі көрсетеді және материалдық жағынан қамтамасыз етеді. Бұған қоса әлеуметтік кепілдіктерге қатысты нормаларды қамтиды. Халықаралық олимпиада, түрлі байқау және спорт жарыстарының жеңімпазын әзірлеген мұғалімді үш еңбекақы мөлшерінде сыйақымен марапаттау, ауылдық жерде тұратын мұғалімдерге жер телімін алуда басымдық беру мәселесі қарастырылған», - деді депутат Ирина Аронова.

«NurOtan» партиясы фракциясының мүшесі Альберт Рау Краснооктябрь боксит кеніші басқармасының автокөлік цехі ұжымымен кездесті.

Лисаков қаласының жанында орналасқан Краснооктябрь боксит кеніші басқармасы – ТМД елдеріндегі боксит өндіру бойынша тау-кен кәсіпорындарының арасындағы ең ауқымдысы. Кен орнының қоры 120 млн тоннаны құрайды. Кәсіпорын қазақстандық түсті металлургияның флагманы саналатын «Қазақстан Алюминийі» АҚ үшін негізгі шикізат жеткізушісі саналады.

Цехта мәжілісмендер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының іске асырылуы және депутат ретінде атқарған жұмысы жөніндесөз қозғады. Өз кезегінде кәсіпорын жұмысшылары автокөлік цехінің негізгі қызметі туралы баяндап берді.