#
#
Сенбі 06/06/2020

Мәжіліс бейбіт жиналыстарды ұйымдастыруға қатысты заң жобасын мақұлдады

  • 08.04.2020
  • 0
  • 217

ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Заң жобасының мақсаты - азаматтардың бейбіт және қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер мен пикеттеу өткізуге конституциялық құқықтарын іске асыру.

Заң жобасында пикеттер, митингілер, жиналыстар нысанындағы бейбіт жиналыстарды өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі енгізіледі. Бұл ретте жергілікті атқарушы органның жауабы болмаған жағдайда, бейбіт жиналысты өткізу үнсіз келісім бойынша келісілді деп есептеледі. Бұған қоса, демонстрация, шеру нысанындағы бейбіт жиналыстарды өткізу үшін жергілікті атқарушы органның келісімін алу қажет.

Заң жобасында бейбіт жиналыстарды мамандандырылған орындарда ғана өткізу көзделеді, оларды жергілікті мәслихат айқындайтын болады. Мамандандырылған орындар ұйымдастыру ыңғайлылығын, көлік қолжетімділігін, жиналыстарды ұйымдастырушылар мен қатысушылардың да, басқа адамдардың да қауіпсіздігін, олардың инфрақұрылым объектілерін пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс. Заң жобасында бейбіт жиналыстарды өткізу үшін баламалы орынды ұсыну құқығы да көзделген.

Бейбіт жиналыстарды өткізу туралы хабарламаны беру мерзімі – бес жұмыс күніне дейін, ал демонстрация, шеру нысанындағы бейбіт жиналыстарды өткізуді келісуді алу туралы өтінішті беру мерзімі он жұмыс күніне дейін қысқартылды. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы органдар осы құжаттарды тиісінше үш және жеті жұмыс күні ішінде қарауға тиіс.

Мамандандырылған орындардың бар-жоғы және бос не бос еместігі туралы ақпараттың ашық әрі объективті болуы мақсатында жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне өз интернет-ресурсында бейбіт жиналыстарды өткізуге арналған мамандандырылған орындардың тізбесін, сондай-ақ олардың бос не бос емес екендігі туралы ақпаратты орналастыруды жүктейтін түзету енгізілді. Бұл бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыларға осындай орынның бос не бос емес екенін ескере отырып, өз іс-шараларын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, құқықтық олқылықтарды болғызбау, заң жобасының нормаларын бір-біріне және басқа да заңнамалық актілерге сәйкес келтіру мақсатында редакциялық, нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізілді.

Сонымен қатар, Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» ілеспе заң жобасы да екінші оқылымда мақұлданды. 

«Заң жобасы қолданыстағы нормативтік актілерді «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасына сәйкес келтіруге бағытталған. Атап айтқанда, депутаттар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабына бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылыққа қатысты түзетулер енгізді», - деді Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қанат Мусин.

Оның сөзіне қарағанда, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы жаңа заң жобасы бейбіт жиналыстар бостандығына арналған құқықты іске асыру рәсімін едәуір оңайлатты: хабарлама жасау тәртібі енгізілді, жиналысты өткізу пайдасына презумпциясы белгіленді, рәсімдер мен қабылданатын шешімдердің ашықтығы қамтамасыз етілді. 

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар