19 мау, 2019 сағат 10:17

Мәжіліс Анар Жайылғанованың өкілеттігін тоқтатты

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы лауазымына тағайындалған әріптестері Анар Жайылғанованың депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Бақыт Мелдешов Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында осы мәселе туралы баяндама жасады.

«ҚР Орталық сайлау комиссиясы ҚР Конституциясының 52-бабына, ҚР Парламенті және оның депутаттары туралы мәртебесі туралы Конституциялық заңы 24-бабының 2,3, 8-тармақтарына сәйкес ҚР Президентінің Жайылғанованы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы қызметіне тағайындау туралы 2019 жылғы 14 маусымдағы №16 жарлығы негізінде Парламент Мәжілісінің депутаты Анар Жайылғанованың өкілетілігінің мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені шешу үшін ұсыным енгізіліп отыр», - деді ол.

Мәжіліс депутаттары дауыс беріп, бірауыздан қаулы қабылдады.

«Қимай жүрсіз бізді, содан кейін көреміз енді. (...) Парламенттегі жұмыстарыңыз үшін барлық депутаттар атынан алғысымызды білдіреміз. Барша әріптестеріміз сізді өте білікті заңгер, тәжірибелі маман ретінде жақсы біледі. Мәжілісте заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі болдыңыз. Енді міне Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы лауазымына тағайындалдыңыз. Өте лауазымды жұмыс. Барлық депутаттардың атынан жаңа жұмыста үлкен табыс тілейміз», - деді Нығматулин.  

Содан кейін Мәжіліс төрағасы Жайылғановаға барлық депутат атынан алғыс хат пен гүл шоғын табыс етті. 

«Біріншіден, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде сіздермен бірге жұмыс істегенім үшін Елбасыға шексіз алғыс білдіргім келеді. Екіншіден, Нұрлан Зайруллаұлы, сізге үлкен көп рахмет. Сіздің басшылығыңыздың арқасында үлкен-үлкен, кереметей заңдар қабылданып, іске асырылып жатыр. Сіздің тәжірибеңіз үшін, мектебіңіз үшін ерекше алғыс айтқым келеді. Алғашқы қадамымды қаржы және бюджет комитетінен бастағандықтан, оларға  да рахмет. Көп жұл жұмыс істеген заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне алғыс айтамын. Үлкен аға буынға тәжірибелеріңізбен менімен алмасқандарыңыз үшін, үйреткендеріңіз үшін шексіз алғысымды білдіргім келеді», - деп сөзін түйіндеді Жайылғанова.