24 жел, 2018 сағат 16:07

Майонез қосылған салатты 6 сағаттан артық сақтамаңыз - Бас санитарлық дәрігер

ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері, Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин мереке күндері уланудың алдын алу бойынша бірқатар кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол жаңажылдық дастарханның бай әрі денсаулыққа пайдалы болуы қажеттігін еске салды.

«Әсіресе үлкендер майлы және тым тәтті тағамдардан бойын аулақ ұстағаны жөн. Салат пен сусынды және жеміс-жидекті көбірек қою керек. Тауық пен балық еттерін ағза оңай қорытады, әрине термоөңдеуден өткен қауіпсіз болсын. Қазақша піскен етті де аздап қоюға болады. Ең бастысы барлық тағамды үстел үстіне шығармай, тоңазытқыштан аз порциямен алып тұтынған дұрыс», - деді бас санитарлық дәрігер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, ол тағамды жеткілікті етіп кешке ғана әзірлеуге, мерекеден қалған тағамды ұзақ сақтамауға кеңес берді.

«Мерекеден кейін аста-төк тағамды лақтыруға қимайтындар бар. Бірақ, уланып ауырғанда керісінше, өкінеді. Салаттар тоңазытқышта 24 сағат қана сақталады, майонез қосылған салаттардың жарамдылығы - 6 сағат қана. Сондықтан, жеуге қажетті тағамдарды дер кезінде әзірлеп, қалғанын азық-түлік пленкасымен сақтау керек», - деді Ж. Бекшин.

Бас дәрігердің айтуынша, дүкеннен азық-түлік алғанда жарамдылық мерзімі анық көрінетін тауарларды алу керек. Үйде тағам әзірлегенде бір реттік қолғап киіп, ет пен көкөністерді бөлек пышақпен тураған жөн.