09 қыр, 2019 сағат 15:43

Майқан балығын сатуға заңды түрде тыйым салынады - министр

Қазақстанда майқан балығын сатуға заңды түрде тыйым салынады. Аталған шара Марқакөл көліндегі браконьерліктің алдын алуға бағытталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біріншіден, майқанды заңсыз аулау жағдайы азаймай тұр. Екіншіден, ол балықты суқұзғын керемет аулайды. Жергілікті тұрғындарға майқанды аулауға рұқсат берілген. Белгілі бір лимит бар. Алайда, осы мүмкіндікті теріс пайдалану жағдайы баршылық. Бұл мәселені реттеу үшін заңнамаға өзгеріс енгізу керек. Нақты осы шаруаны қолға алмақпыз. Мәселен, майқан балығын сатуға тыйым салынады», - деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ведомствоның алқа отырысынан кейін тілшілерге берген жауабында.

Ол сонымен қатар, министрлік өзге де бақылаушы органдармен майқанды сату үшін аулануына жол бермеу керектігін атап өтті.

«Суқұзғын бойынша айтарым, Марқакөлде аталмыш құстың санын реттеу үшін екі шаруаны қолға алу керек. Біріншіден, заңнамаға өзгеріс енгізіп, ол құстардың санын реттеп отыру мүмкіндігін қарастырған жөн. Екіншіден, суқұзғындардың саны биологиялық негіздемеге сай реттеліп отыруы тиіс», - деді ол.

Қазіргі уақытта Марқакөлде суқұзғындардың саны едәуір артып кеткен.

«Заңнамаға тиісті өзгерістерді енгіземіз. Сонымен қатар, биологиялық негіздеме бойынша жұмыс та жүріп жатыр. Марқакөлде қазіргі таңда нақты қанша суқұзғын барын анықтап алуымыз керек. Осыны ескере келе суқұзғынның саны азайып кетпейтіндей және балыққа да зор шығын келмейтіндей шаруаның ретін табуға тиіспіз», - деді министр.

Еске сала кетсек, осы жылдың шілде айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл көлінде заңсыз балық аулап жүрген қылмыстық топпен күресуді тапсырған болатын.

Кейін Ішкі істер министрлігі арнайы операция барысында Марқакөлде заңсыз балық аулап келген қылмыстық топ ұсталғанын хабарлады.