31 мам, 2018 сағат 11:28

Мәулен Бектұрғанов: Қазақстанда он төрт мыңға жуық адам жасанды протезге мұқтаж

Мәулен Бектұрғанов былтырғы жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «100 жаңа есім» жобасының тізіміне енген. Кішкентайынан ізденімпаздығымен дараланып, мектепті үздік тәмамдаған. Халықара­лық ақпараттық технология­лар университетінде оқыған.

Зерделі жас өзінің алғашқы жобасын жасап, ел назарына ілікті. Ол бүгінде «Mbionics» компаниясының негізін қалап, ел үшін игі қызмет атқаруда. Кейіпкеріміздің жасап шыққан «жасанды протезі» қанша адамның өмірге деген құлшынысын арттырды екен? Бұл туралы Мәуленнің өзі әңгімелеп берді.

– Мәулен, бірден негізгі сұрақтан бастасақ. Өзің жасап шыққан бионикалық қол туралы айтып берші. Бұл қалай жұмыс істейді? Қандай ерекшелігі бар?

– Бионикалық қол электроникамен қосылған протез. Оның негізгі ерекшелігі кәдімгі қол сияқты қимылдайды, әр түрлі заттарды ұстай алады. Адамның бұлшық етіне сенсор қойылады. Адам қандай да бір затты алу барысында ми арқылы бұлшық етке электросигнал беріледі. Сол биотоқты біз сенсор арқылы көре аламыз. Сенсорда жиналған ақпарат бақылаушыға беріледі. Бақылаушының ішінде арнайы алгоритм жазылған. Алгоритм адамның қандай қимыл жасағысы келетінін біледі. Компьютерлік алгоритмдер құрылғыдан алған электрлі сигналдарды жүйке тамырына жеткізіп, затты сезінуге мүмкіндік береді.

– Бұл протезге қанша уақыт жұмсадың және мұны жасауға не түрткі болды?

– Бір күні ғаламтор бетінен бионикалық қол туралы мақаланы көзім шалып қалды. Бірден қызығушылығымды оятып, маған да осы секілді дүние жасап көруге болады-ау деген ой келді. Әдеттегі жағдайда протездерде жиырмадан астам функция бар.  Сол себепті оны ауыстыруға, басқаруға әжептәуір уақыт кетеді. Алғашқы жұмысқа бір жарым жыл уақыт кетті.

Қазіргі таңда біраз жетілдіргендіктен бір протезді шамамен екі аптадай уақытта жасап шығарамыз.

– Құпия болмаса бағасы қанша?

– Білесіз бе, Қазақстанда он төрт мыңға жуық адам жасанды протезге мұқтаж. Әлемде жасанды қол шығаратын елдер көп емес. Германия мен Ұлыбританияда ғана он шақты компания жұмыс істейді. Шетелде отыз мың доллар тұрады. Менікі одан он есе арзан. Өте қолжетімді баға деп ойлаймын. Жасанды қол әр адамға жеке дайындалады. Себебі, қолдың зақымдануы мен сезімталдығы, формасы әр түрлі болады. Бағасы да соған қарай қойылады.

– Нәтиже қалай?

– Екі балаға қойдық. Нәтиже жаман емес. Екеуі де қолданып жүр.

– «Біткен іске сыншы көп» демекші, жасанды протезге сын айтқандар болды ма?

– Мен осы жобаны 4-курс бітіргенде бастадым. Бұл менің дипломдық жұмысым болатын. Бірінші прототипті жасағанда бұған күмәнмен қарағандар көп болды. Көбісі ойыншық секілді көрді. Кейіннен Денсаулық сақтау министрлігі Алматы протез орталығымен таныстырды. Орталықта тек қозғалмайтын қолдар ғана жасалады. Олар менің жобамды көріп таңғалды. Тіпті сенбеді. Содан соң бес прототипті жасап, төртінші және бесінші нұсқасын адамдарға қолдандым.

– Осы жобаға байланысты «Mbionics» деген компания құрыпсың. Сенен басқа кімдер жұмыс істейді?

– Кез келген істі нағыз өз ісінің шебері болған мықты мамандар арқылы дөңгелетіп әкетуге болады. Ең бастысы – қажетті адамды қажетті орнына қою керек. Командамда менен өзге 3D дизайнер-конструктор, электроншы, бағдарламашы және хирург бар. Протез орталығы да керек кеңестерін беріп тұрады.

– Алда қандай жоспар бар?

– Қазір 3D принтер арқылы пластиктер жасап жатырмыз. Яғни, бұл автоматты түрде өздігінен басқарылады. Сонымен қатар алдағы уақытта иыққа дейінгі адам қолының орнын баса алатын технология жасауға ниеттіміз. Бәрін уақыт көрсетеді.

– Әңгімеңе рахмет!

Жазып алған Жандарбек ЖҰМАҒҰЛОВ