22 там, 2018 сағат 17:30

Мәулен Әшімбаев: Жастары армансыз елдің болашағы бұлыңғыр

Бүгін Ақмола облысының Зеренді ауданында ел жастарымен кездескен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары осылай деді.

«Зерен» жазғы білім беру лагерінде өткен іс-шараға еліміздің әр түкпірінен келген белсенді жастар қатысты. Кездесуде Мәулен Әшімбаев партия жұмысындағы өзгерістер мен ондағы жастардың рөлі туралы айтып берді. Атап айтқанда, ол партияның «Цифрлы Қазақстан», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларының жүзеге асырылуына үлес қосуға, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бірқатар нақты жобаларды қолға алғанына ерекше тоқталды.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев қазір ақпарат заманы екенін айтып, осындай кезеңде Елбасы анықтап берген міндеттерді жүзеге асырып, мақсатқа қол жеткізу жолында жастардың бойынан қандай қасиеттер көргісі келетініне назар аударды.

– Біріншіден, әр адам өзін өзі үнемі жетілдіріп, дамытып, ізденуі тиіс. Кәсіби, зияткерлік және білім деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөлулері керек. Кітап оқуды игі дәстүрге айналдыруы қажет. Бұл ретте оқитын кітаптарды дұрыс таңдау керектігін де ескергеніміз жөн. Екіншіден, сананың ашықтығын қалыптастыруымыз керек. Елбасы да «Рухани жаңғыру» бағдарламасында осы мәселені көтергені белгілі. Яғни жастар біржақты болмай, кез келген мәселеге қатысты басқа да балама пікірлерді ескеріп, дүниетаным аясын ұдайы кеңейтіп отыруы тиіс. Үшіншіден, жастар алдарына нақты мақсаттар қойып, дұрыс армандай білулері тиіс. Өйткені жастарының арманы асқақ, мақсаты айқын болмаса, ондай елдің болашағы бұлыңғыр. Сондықтан, жастар алдарына стратегиялық мақсаттар қойып, соған жету жолында бар күш-жігерін жұмсауы керек, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев өзінің қалыптасуына септігін тигізген бірқатар кітаптарды атап өтті.

– Бүгінде қарқынды жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәнін қысқаша түсіндірер болсақ, ол дегеніміз – ұлттық кодты сақтай отырып, әлемнің ең үздік тәжірибелерін меңгеру деген сөз. Сондықтан кітап оқу мәдениетінде Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романын оқуымыз керек. Абайдың философиясын сіңіру арқылы біз өзіміздің ұлттық болмысымызды танимыз. Ал көркем әдебиетте әлемге әйгілі жазушы Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» атты шығармасын оқуға кеңес беремін. Сондай-ақ кітап оқуда кәсіби еңбектерді де назардан тыс қалдырмауымыз керек. Бұл ретте белгілі америкалық саясаттанушы Фарид Закарияның «The Future of Freedom» деп аталатын еңбегін оқуға кеңес беремін. Бұдан басқа да көптеген қызықты кітаптар бар. Сондықтан кітап оқуды әрқайсысыңыз игі дәстүрге айналдыруларыңыз керек, – деді Мәулен Әшімбаев.

Іс-шара соңында жастар өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, түрлі ұсыныстарын білдірді.