24 мам, 2020 сағат 06:34

Әшімбаев: Ораза айт мерекесі жақсылықтың жаршысы

Ораза айт мерекесін жақсылықтың жаршысы деуге толық негіз бар. ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақстандықтарды құттықтауында осылай мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

***

Құрметті достар! Баршаңызды қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтаймын!⠀

Бұл – Рамазан айының аяқталғанын білдіретін, бүкіл әлем мұсылмандары үшін қастерлі саналатын ең ұлық мейрамдардың бірі. Осы күндері татулық, қайырымдылық, мейірімділік сияқты ізгі қасиеттер кеңінен дәріптеледі. Отыз күн бойы ораза тұтқан жандар бір-біріне игі тілектерін арнап, қуанышты күйге бөленеді. Сондықтан айт мерекесін жақсылықтың жаршысы деуге толық негіз бар.⠀⠀

Биыл Рамазан айы коронавирус індетінің таралуымен тұспа-тұс келді. Дегенмен, бұл жағдай Қазақстан мұсылмандарын еш жасытқан жоқ. Қайта халқымыздың ырыс-ынтымағы одан әрі арта түсті. Өйткені ораза қазіргідей күрделі кезеңде адамзатты береке мен бірлікке, сабырлық пен төзімділікке үндейді. Осындай асыл қасиеттердің арқасында біз қауіпті дертті ауыздықтап, барлық қиындықты бірлесіп еңсереміз деп сенеміз.⠀

Сіздерді осы мерекемен құттықтай отырып, ұстаған оразаларыңыз бен тілеген дұға-тілектеріңіз қабыл болсын дегім келеді. Айдан айға, жылдан жылға аман-есен жете берейік. Ұлық мейрам әр шаңыраққа шаттық пен бақ-береке әкелсін!⠀⠀

Айт мүбәрак болсын!