20 жел, 2018 сағат 19:26

Мәулен Әшімбаев нұротандықтарды Елбасы тапсырмаларын орындауда белсенділік танытуға шақырды

Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында өткен жиында айтылды. Аталған басқосуда Елбасының Жолдауы мен Бес әлеуметтік бастаманың жүзеге асырылу барысы және партиялық бақылау механизмдері талқыланған болатын.

Жиын барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасы Жолдауы мен Бес әлеуметтік бастаманың жүзеге асырылу барысындағы кейбір мәселелерге ерекше тоқталып өтті. Алдымен ол осы шағын несие беру ісіндегі олқылықтарға назар аударды. Оның айтуынша, бүгінге дейін 13 мыңнан астам азамат шағын несие алып, жоспардың 98 пайызы орындалған. Соның нәтижесінде 52 млрд. теңге игерілген екен.

– Бұл жаман көрсеткіш емес. Дегенмен, нәтижелерді сараптап қарайтын болсақ, күрмеуі қиын мәселелердің де бар екенін көреміз. Мысалы, шағын несие беру бастамасы ауылдық жерлерде нәтижелі жүзеге асырылып жатыр. Ал қалалық жерлердегі көрсеткіш көңіл көңшітпейді. Бүгінде қалалық жерлер үшін жоспарланған 3 мың адамнан тек 1 мың азаматқа ғана шағын несие берілген, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол «7-20-25» бағдарламасы бойынша да атқарылған жұмыстарға назар аударды. Оның сөзіне қарағанда, 6 желтоқсанға дейінгі дерек бойынша бағдарламаға қатысу үшін 5 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Соның ішінде жалпы сомасы 40 млрд. теңгені құрайтын 3,5 мыңға жуық өтінім мақұлданған. Әйтсе де, бұл бастама бойынша да өңірлердегі жағдай әркелкі. Мәселен кейбір аймақтарда жергілікті атқарушы орган тарапынан арнайы санаттағы азаматтарға бастапқы жарна үшін субсидия бөлу жұмыстары ойдағыдай жүргізілмеуде.

Бұдан басқа, «7-20-25» бағдарламасы бойынша жаңадан салынған үйлердің жетіспеуі және кей аймақтардағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының әлсіздігі сияқты мәселелер де айтылды. Одан бөлек, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық мәселесінде де олқы тұстардың бар екені сөз болды.

Мәулен Әшімбаев осындай өзекті мәселелер бола тұра, партия филиалдары мен партиялық кураторлардың үнсіз отырғанын сынға алды.

– Біздің барлық облыс пен ауданда филиалдарымыз бар. Барлық өңірде партиялық кураторларымыз бен өңірлік Қоғамдық кеңестер жұмыс істейді. Ендеше неге олар осы мәселелерді әкімдіктердің алдында көтермейді? Әрине, бұл жерде жүйелі мәселелердің де бар екенін білеміз. Мәселен, кейбір азаматтардың несие тарихына байланысты олардың несие алу мүмкіндіктері төмен екені белгілі. Соған қарамастан біз бұл мәселелерді шағын несие берумен тікелей айналысатын «Даму» қорының және үйлестіруші орган Ұлттық экономика министрлігінің алдына мәселе етіп қойып, тиісті шешімдер қабылдауға тиіспіз. Қажет болса, заңнамаларға түзетулер енгізуге де бастамашыл болуымыз керек. Ең бастысы, шағын несие беруді қалалық жерлерде табысты жүзеге асырып, Елбасы тапсырмасын орындау үшін жүйелі шараларды қолға алуымыз қажет, – деді Мәулен Әшімбаев.