12 қаз, 2018 сағат 19:31

Мәулен Әшімбаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының Жолдауын талқылау бойынша партия активімен кездесу өткізіп, Қызылорда қаласы мен Сырдария ауданының әлеуметтік нысандарының жұмысымен танысты.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Сыр өңірінің жетістіктері мен қарқынды дамуын ерекше атап өтті.

«Қызылорда облысының ежелден бері өзіндік дәстүр-салты мен мәдени құндылықтары бар екені белгілі.  Бүгін де аймақ қарқынды дамып келе жатқанын жаңа қала құрылысынан, цифрландыру мен кәсіпкерлік бойынша жүргізіліп жатқан жобалардан анық көруге болады. Бұл жұмыстарды Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес нақты тапсырмалар аясында жалғастыру керек. Ал партияның міндеті кең ауқымды ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізе отырып, іске асыру жолдарын көрсетіп, өңірлердегі тапсырмалардың орындалуына бақылау жасау болып табылады», - деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Өз кезегінде, Қызылорда  облысының әкімі Қ.Көшербаев Елбасы Жолдауы аясында адами капиталды дамытудың маңыздылығын атап өтті.

«Сарапшылардың бағалауы бойынша, Батыс Еуропа елдерінде адам капиталының жалпы ішкі өнімді қалыптастыруға қосқан үлесі 30%, АҚШ-та 40%, ТМД елдерінде ол 10-15%-ды құрайды. Бүгінде әлеуметтік-экономикалық дамудың сапалық сипаттамалары алға шығуда. Бұл өсімнің арқасында экономикада ілгерілеу байқалады. Жалпы ішкі өнім көрсеткішінің өсуі жоғары технологиялық өндірістердің - білім беру, денсаулық сақтау, ғылым және басқа да зияткерлік қызметтер есебінен жүруі тиіс. Нәтижесінде әлеуметтік-экономикалық жүйенің тиімділігі артып, ең бастысы өмір сапасы жақсарып келеді», - деп атап өтті облыс әкімі.

Сондай-ақ, актив жиынында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры Қылышбай Бисенов білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтты. Сырбойылық 500–ден астам түлек Мәскеу мен Санк-Петербургтің жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Айта кетейік, мектеп түлектерінің 97 пайызы жоғары оқу орындары мен колледждерде біліп алуда.

Кәсіпкер Айгүл Мұханбетжанова мемлекеттік қолдау арқылы жүзеге асқан өз кәсібі жайлы айтып берді.

«Қазіргі таңда кәсіпкерлерге арналған шағын-орта бизнесті дамыту үшін барлық жағдай жасалған.  «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша несие алып, күйеуіммен бірге шұлық цехын іске қостық. Тәулігіне 400 жұп шұлық дайындап,  осылайша жергілікті өнім шығарудамыз»,- дейді кәсіпкер.

Атап өтейік, 2018-2020 жылдарды өңірде жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы деп жариялады.  Қазіргі таңда шағын-орта бизнесті қаржыландыру үшін облыстық бюджеттен 32 млрд. теңге, стартап-жобаларға 3 миллиардтан астам қаржы бөлінген.

Жаппай кәсіпкерлікті дамыту облыста үш маңызды мәселенің шешім табуына: салық базасын жақсартуға, тұрғындарды жұмыспен қамтуға және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал ететінін аймақ басшысы атап өтті.

«Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы Талғат Тілес жастардың бастамаларына қолдау көрсету бойынша аймақта атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Қазіргі таңда Сырдарияның сол жағалауында заманауи жастарға қызмет көрсету орталығы салынып, жастар үшін барлық жағдай қарастырылуда.

Облыс әкімдігінің ғимаратында М.Әшімбаев Ситуациялық орталықтың жұмысымен танысып, Қызылорда облысының тәжірибесін республика бойынша тарату қажеттігін айтты.

Жұмыс сапарында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Сырдарияның сол жағалауынан «7-20-25» бағдарламасымен салынып жатқан тұрғын үй құрылысы нысандарымен танысты. Атап өтейік, Қызылорда облысында «Орда»  тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған «Жол картасы» шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолжетімді баспанамен қамту жоспарлануда.

Сонымен қатар, М.Әшімбаев сол жағалаудағы жақында іске қосылған «Рухани жаңғыру» орталығында болды. Еске сала кетейік, Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы аясында Сырдарияның сол жағалауынан пайдалануға берілген алғашқы нысан – «Рухани жаңғыру» орталығы мен қалалық мұражай ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өткен болатын. Бұл нысан 1925 жылы ұлттың ресми «қазақ» аталуы туралы тарихи шешім қабылданған  Қазақ Орталық Атқару Комитетінің сызба-нұсқасы негізінде салынған.

Айта кетейік, жыл соңына дейін сол жағалаудан алғашқы шағын аудан мен бірқатар әлеуметтік нысандарды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жұмыс сапары барысында Мәулен Әшімбаев №3 С.Толыбеков атындағы мектеп-лицейінің және Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында орналасқан ІТ–парк жұмысымен танысты.

Әрі қарай «Кәсіпкерлікке арналған геоақпараттық онлайн қызметі» партиялық жобасы шеңберіндегі кәсіпкерлерге қызмет  көрсету орталығына  барды. Орталықта кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидаты бойынша жер мәселелері, сәулет және құрылыс, инженерлік  желілерге қосылу, мемлекеттік кіріс мәселелері, қаржы институттары үшін қаржыландыру шарттары, банкке дейінгі және кейінгі жобаларды қолдау  бойынша 40-тан астам қызмет түрі ұсынылады. Барлық қызметтер тегін көрсетіледі. Бұл республика  көлемінде теңдесі жоқ орталық болып табылады.

Бағдарлама аясында М.Әшімбаев Сырдария ауданының Шаған ауылында өткізілген актив жиынына қатысты.