05 сәу, 2019 сағат 17:03

Мәулен Әшімбаев көпбалалалы отбасына 1 млн теңгенің сертификатын тапсырды

«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Көкшетаудағы көпбалалы отбасының шаңырағында болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Еске сала кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Көкшетау қаласында болды. Сапар барысында Мәулен Әшімбаев «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалының кезектен тыс ХХХІ конференциясына қатысып, партияның облыстық филиалының жаңадан сайланған төрағасына куәлік тапсырды.

Сонымен қатар, партия төрағасының бірінші орынбасары «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында «Халыққа көмек» жобасы аясында жаңаша екпін алған қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысымен танысты.

«Халыққа көмек» - тікелей Елбасының тапсырмасымен қолға алынған жоба. Сондықтан, азаматтардың өтініштеріне ерекше мән беріп, белсенділігімізді одан әрі арттырамыз. Әр өтініш назардан тыс қалмай, тиісті жұмыстар жүргізіледі. Біздің басты қағидамыз - халықты алаңдатқан мәселелерді оң шешіп, оларға бір жерде және дереу қызмет көрсету», - деді Мәулен Әшімбаев.


Партия төрағасы анықтап берген маңызды басымдықтардың бірі - «Бақытты отбасы» жобасы. Бұл бастама тікелей көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жүйелі қолдау көрсетуге бағытталған. Осы жоба шеңберінде Мәулен Әшімбаев Көкшетау қаласындағы көпбалалы Қақжановтар отбасында болып, әлеуметтік жағдайымен танысты. Бұл отбасы төрт бала тәрбиелеп отыр. Өкінішке қарай, олардың екеуі науқас. Бұған дейін бұл отбасы екі бөлмелі пәтерлерінің қалған сомасын өтеп, толығымен сатып алу үшін партиядан қолдау сұраған екен. Партия төрағасының бірінші орынбасары бұл отбасына 1 миллион теңгенің сертификатын тапсырды.


Сапар соңында Мәулен Әшімбаев Көкшетау қаласында су тасқыны орын алған вокзал маңы шағын ауданының тұрғындарымен кездесті. Облыс әкімдігінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда облыс орталығында су тасқынына байланысты жағдай тұрақталған. Төтенше жағдаймен күресу үшін арнайы техникалар мен жеке құрамның 80 адамы жұмылдырылып, 2000 текше метрден астам су сорылды.

Аталмыш мәселеге байланысты Мәулен Әшімбаев партияның жергілікті филиалына төтенше жағдаймен күрес жұмыстарын бақылауда ұстап, зардап шеккен әр азаматқа мемлекет тарапынан берілетін міндетті көмектің көрсетілуін қадағалауды тапсырды.