15 сәу, 2019 сағат 18:04

Мәулен Әшімбаев. Бүгін - "қазақ" атауы қайтарылған күн

Бүгін қазақ тарихындағы ең елеулі даталардың бірі. Себебі осыдан тура 94 жыл бұрын, яғни 1925 жылдың 15 сәуірінде Қызылордада өткен АКСР Қырғыз (Қазақ) Кеңестерінің V съезінде халқымызға «қазақ» деген атауды қайтару туралы тарихи шешім қабылданды.

Содан бастап барлық ресми құжаттарда бізге қатысты «қырғыз» дегеннің орнына «қазақ» атауы қолданылып, жазыла бастады. Бұл тәуелсіздік жолында жасалған ең батыл әрі аса маңызды қадамдардың бірі еді.

Осы бір ұлы істің бастауында ұлттың ұлық ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың тұрғанын ешқашан естен шығармауымыз керек. Ахмет атамыз жоғарыда аталған сол бір жиында қырғыз бен қазақтың екі бөлек ұлт екеніне назар аударып, ұлт атын жасыруды өткен заман көтерсе де, ендігі тарихтың ондай жаңсақтықты құп көрмейтінін ашып айтты. Соның арқасында тарихи әділеттілік салтанат құрып, қайтадан қазақ атандық.

Иә, бір кездері тіл, діл, дін сияқты құндылықтарымызбен бірге атымыздан да айырылып қала жаздаған замандар болды. Қазір соның бәрі артта қалып, бүкіл әлемге тәуелсіз Қазақ елі ретінде танылып отырмыз.

Біздің ендігі басты міндетіміз – тамырыңды қиып, танымыңды өзгертіп жіберетін қазіргідей жаһандану жағдайында қазақтың атын мәңгілікке сақтап, ұлтымыздың отын өшірмеу. Ол үшін жас буынның санасына ұлт тарихын терең сіңіріп, ұлттық кодтан нәр алатын құндылықтарды дәріптеудің маңызы зор деп білемін. Тіпті әлемнің озық жаңалықтарының ұлттық болмысымызбен біте қайнасуына да жағдай жасауымыз керек.

Ең бастысы, барлық іс-әрекетімізден қазақтығымыз айшықталып, ұлттығымыз ұлықталып тұрса игі. Өйткені ұлт үшін өмірін қиған зиялыларымыздың басты көздегені сол болатын.

Осыған байланысты келесі жылы 95 жыл толатын аталған оғиғаның маңызын арттырып, 15 сәуірді тарихи әділеттілік салтанат құрған күн ретінде атап өтсек те еш артық емес деп есептеймін.

Мұндай бастама «Рухани жаңғыру» бағдарламасын да жаңа мазмұнмен толтыра түсетіні сөзсіз.

Мәулен Әшімбаевтың фейсбуктегі жазбасынан