06 қыр, 2018 сағат 11:00

Мәулен Әшімбаев: "Бес әлеуметтік бастама – дер кезінде қабылданған шешім"

Биыл Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік бағдарламалар аясында 21 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталған. Тиімді шарттар арқылы 3 200 пәтер өз иелерін күтіп отыр. Биыл 4 көпқабатты тұрғын үй тапсырылады деп жоспарланған. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысына «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың арнайы сапары барысында белгілі болды.

Бүгін Орал қаласында Президенттің бес әлеуметтік бастамасының және жаңа партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысына бақылау жүргізіп, атқарылған жұмыс барысымен танысуға келген Мәулен Әшімбаев облысы әкімі Алтай Көлгіновпен бірге «7-20-25» бағдарламасының аймақтағы алғашқы қатысушыларына пәтер кілтерін табыстады.

Тоғыз қабатты тоқсан пәтерден тұратын тұрғын үйдегі баспаналар ҚР Президентінің Бес әлеуметтік бастамасы аясында қолға алынған «7-20-25» бағдарламасы бойынша табысталды. «7-20-25» бағдарламасының жүзеге асыруға жауапты екінші деңгейлі банк өкілдерінің айтуынша, Батыс Қазақстан облысы бойынша 75 өтініш келіп түсіп, оның 55-сі бойынша оң шешім шыққан. Жақын уақытта азаматтар өз пәтерлерінің кілтерін алады.

Мәулен Әшімбаев қазіргі кезде баспана ең өзекті мәселелердің бірі екенін, «7-20-25» бағдарламасы сол мәселені тиімді шешуге бағытталған маңызды бастама, әсіресе жас отбасылар үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.

- Баспананы кез келген отбасы үшін болашаққа салынған инвестиция десек те, артық емес. Осылайша Елбасы барша қазақстандықтардың үйлі болуына даңғыл жол ашып, ипотекалық несиелердің қолжетімділігін қамтамасыз етіп отыр. Осы сапар нәтижесінде бес бастаманың Батыс Қазақстан облысында табысты жүзеге асырылып жатқанына куә болдық. Алдағы уақытта да партия бұл жұмыстарды бақылауды жалғастыра береді, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев Жастар және оқушылар сарайында ашылған коворкинг орталықта өңірлік жастар ұйымдарының өкілдерімен кездесті. «Бастау» коворкинг орталығы – фриланс режимінде жастардың бизнес, шығармашылық, оқу бағдарламалары аясындағы креативті жобаларын (қызығушылығы бойынша клубтар, көрмелер, үйірмелер, шеберлік сыныптар, тренингтер, English club т.б.) жарыққа шығарып, жүзеге асыруға мүмкіндік береді. 

Жастар ұйымдарының өкілдерімен өткен кездесуде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасының тікелей тапсырмасымен партия қолға алған 20-дан астам жаңа жоба жайлы баяндады. Сонымен қатар, Мәулен Әшімбаев жастарды Цифрландыруды жүзеге асыру, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үлес қосуға бағытталған жаңа пар­тиялық жобаларды жүзеге асыруға және алдағы уақытта елімізде кеңінен енгізу үшін жастар идеялары мен жобаларының тізімін жасауға белсене қатысуға шақыр­ды. Қазір ақпарат заманы екенін айтып, осындай кезеңде Елбасы анықтап берген міндет­терді жүзеге асырып, мақсатқа қол жеткізу жолында жастардың бойында қандай қасиеттер болуы керектігіне тоқталды.

 – Қазіргі таңда әлемдік геосаяси жағдай өте күрделі. Күн сайын түрлі үрдістер мен жаңа экономикалық құнды­лықтар пайда болуда. Осындай кезде ұлтты сақтап, одан әрі даму үшін ұлттық мүддені күшейтіп, экономиканы нығай­тып, жаңа технология­ларды кеңінен қол­дануымыз керек. Біріншіден әр адам өзін-өзі үнемі жетілдіріп, дамытып, ізденуі тиіс. Кәсіби, зияткерлік және білім деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөлулері керек. Кітап оқуды игі дәстүрге айналдыруы қажет. Бұл ретте оқитын кітаптарды дұрыс таңдау керекті­гін де ескергеніміз жөн. Екіншіден, сана­ның ашықтығын қалыптастыруымыз керек. Елбасы да «Рухани жаңғыру» бағдарла­масында осы мәселені көтергені белгілі. Яғни, жастар біржақты болмай, кез келген мәселеге қатысты басқа да балама пікірлерді ескеріп, дүниетаным аясын ұдайы кеңейтіп отыруы тиіс. Үшіншіден, жастар алдарына нақты мақсаттар қойып, дұрыс армандай білулері тиіс. Өйткені жастарының арманы асқақ, мақсаты айқын болмаса, ондай елдің болашағы бұлыңғыр. Сондықтан жастар алдарына стратегиялық мақсаттар қойып, соған жету жолында бар күш-жігерін жұмсауы керек, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев аймақтағы партия активімен кездесті. Келелі кездесуде Президенттің бес әлеуметтік бастамасының және жаңа партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысына бақылау жүргізіп, атқарылған жұмыс барысы талқыланды.