21 там, 2019 сағат 10:03

Мәслихаттың келесі сайлауы Мәжілістегідей партиялық тізіммен өтеді - Назарбаев

Мәслихаттың келесі сайлауы партиялық тізім бойынша өтеді. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2018 жылы сайлау заңнамасын жетілдірдік. Мәслихаттардың келесі сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өткізілейін деп отыр. Мәслихаттың келесі сайлауы Мәжілістегідей партиялық тізіммен өтеді. Жекелеген оппоненттердің немесе блогерлердің мерзімінен бұрын Парламент сайлауында мажоритарлық жүйесіне оралуды және тағы басқаларды ұсынып жатқанын естіп отырмыз. Бүгін мұндай сөз сөйлеушілерге жауап беру қажет», - деді Елбасы.

Қазақстан Тұңғыш Президенті сайлаудың мажоритарлық жүйесіне көшуді қолдап жүргендердің нақты ұсыныстары жоқ екендігін баса айтты.

«Бұл жерде негізді аргументтері жоқ, әдеттегідей тек қана әңгіме ғана. Билікті сынап сөйлегендері бос сөз ғана. Тым болмаса біреуі қалай істеу керектігін ұсынып, қалай жасау керектігін көрсетсе ғой. Демократияның шамшырағы деп жүрген Еуропадағы 30 дамыған елдің қатарына кіретін мемлекеттердің 63 пайызы сайлауды пропорционалды жүйемен өткізеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының айтуынша, мажоритарлық жүйедегі сайлау негізінен Азия елдеріне тән болып келеді.

«Яғни, пропорционалды жүйе үздік әлемдік демократиялық тәжірибеге толық сай келеді. Саяси жүйені нығайтуға, демократияны дамытуға септігін тигізіп, толықтай алғанда саяси партияның қызметін жандандырады», - деді еліміздің Тұңғыш Президенті.